Бүгін Оралда «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік конкурс-көрмесі өтті. Іс-шара отандық өндірісті дамытуды ынталандыруға, қазақстандық тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және жергілікті кәсіпкерлерді қолдауға бағытталды.
– Облыста сапа байқауларын ұйымдастыру жыл сайынғы игі дәстүрге айналды. Бұл жергілікті тауар өндірушілердің әлеуетін арттырып, сапалы әрі сұранысқа ие өнім өндіруге ынталандырады. Сонымен қатар тұтынушылардың сенімі мен сұранысын қамтамасыз етуге жол ашады. Бүгін ұйымдастырылған іс-шара сапа мәдениетін артыруды көздеді. Бұл жай ғана талап емес. Бұл – жарқын да табысты болашақтың кепілі, – деді конкурстың салтанатты ашылу рәсіміне қатысқан облыс әкімі аппаратының басшысы Нұрділдә Ораз. Аппарат басшысы көрмеге қатысқан барша бизнес өкіліне толағай табыс тіледі. Аймақтың, тұтас ел экономикасының дамуына үлес қосып жүргендері үшін оларға алғысын білдірді.
ҚР Президентінің 2006 жылғы 9 қазандағы №194 Жарлығына сәйкес, «Қазақстанның үздік тауары» республикалық конкурс-көрмесі жыл сайын болады. Бұл конкурстың бірінші кезеңі өңірлік деңгейде өткізіледі. Биыл үздіктерді анықтайтын байқаудың облыстық кезеңіне 44 тауар өндіруші өтінім берген. Олардың арасынан үш жеңімпаз үш аталым бойынша анықталды. «Азық-түлік тауарларын немесе ауыл шаруашылығы өнімін шығаратын үздік кәсіпорын» аталымына «Фирма Родник» ЖШС, «Талецкий О.В.» ЖК және «Қаз-ақбас» ЖШС ие болды. Ал «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» аталымына «ВодЭкоФильтр» ЖШС, «Стекло-Сервис» ЖШС және «Орал сауда-өнеркәсіп компаниясы» ЖШС лайық деп танылды. «Халыққа арналған үздік тауарлар» аталымымен «Конденсат» АҚ, «Zhulduz» ЖК «Мария ханым сән үйі» және «Нұртана» ЖШС марапатталды. Енді бұл кәсіпкерлер республикалық байқауда бақ сынайды.
Іс-шараны облыстық кәсіпкерлік және индустриялдық-инновациялық даму басқармасы мен БҚО кәсіпкерлер палатасы бірлесіп ұйымдастырды. Басқарма басшысы Нұржан Өтепбаев пен кәсіпкерлер палатасының директоры Мақсат Құланбаев байқауға қатысушылардың бәріне алғысхаттар мен ынталандыру сыйлықтарын табыстады.
Zhaikpress.kz