«Еуразия» индустриялық аймағы – Батыс Қазақстан экономикасының жаңа өсу нүктесі

«Еуразия» индустриялық аймағы – Батыс Қазақстан экономикасының жаңа өсу нүктесі

Батыс Қазақстан облысында индустриялық-инновациялық даму бағытында жүйелі жұмыстар жалғасуда. Соның нақты дәлелі — «Еуразия» трансшекаралық сауда орталығы» индустриялық аймағы, қазіргі таңда облыс экономикасының жаңа өсу нүктесіне айналуда.

Индустриялық аймақтың басты мақсаты – өңірге инвестиция тартып, кәсіпкерлікке қолайлы орта қалыптастыру, жұмыс орындарын көбейту және өндірісті әртараптандыру.

Бүгінде жобаның бірінші кезеңі аясында:

  • 13 шақырым жоғары қысымды газ құбыры,
  • 500 метрлік 110 кВ электр желісі тартылды.

Индустриялық аймақ аумағында алғашқы өндірістік жобалар іске асырылып жатыр. Мәселен, қуаттылығы сағатына 240 тонна болатын асфальтбетон зауытының құрылысы аяқталуға жақын. Зауыт 50 гектар жерге орналасқан. Оны биыл іске қосу жоспарлануда.

Сондай-ақ екінші кезеңде қуаттылығы 4 мың тонна болатын битум сақтау қоймасын салу көзделуде. Бұл жоба құны - 388 млн теңге.

Индустриялық аймақ шеңберінде бірнеше жаңа өндіріс көзделіп отыр:

  • Газобетон кірпіш зауыты («ХимМашСтрой-Сервис» ЖШС). Жобаның жылдық қуаттылығы – 182,5 мың текше метр.
  • Резеңке және пластик бұйымдарын қайта өңдеу кәсіпорны («Карабалин» ЖК). Кәсіпорын тәулігіне 10 тонна өнім өңдей алады.

Бүгінде аймаққа қызығушылық танытып отырған тағы бірнеше инвестор бар.

Екінші кезең аясында ішкі инфрақұрылым (электр, су, газ, жол) жүргізілуі тиіс. Бұл үшін 6 млрд теңге қажет. Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, мемлекеттік сараптамаға жолданған.

Мамандардың айтуынша, индустриялық аймақ өңірдің өндірістік қуатын арттырып, жұмыссыздықты азайтып, салық түсімін көбейтіп, экспорт пен импортты алмастыру бағыттарын дамытуға мүмкіндік береді. Ең бастысы — халықтың тұрмыс сапасына оң әсер етеді.


Индустриялық аймақ тек өндіріс алаңы емес, ол – өңір экономикасын әртараптандырып, болашаққа бағдар беретін стратегиялық бастама. Мемлекеттік қолдау мен инвестициялық сенім артса, бұл аймақ Батыс Қазақстанның жаңа индустриялық дәуіріне жол ашады.