21 мамыр – мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай, Батыс Қазақстан облысында өнерге өмірін арнаған майталмандарды ұлықтауға арналған салтанатты шара ұйымдастырылды.
«Атамекен» өнер ордасында өткен мерекелік жиында өңір басшысы Нариман Төреғалиев шығармашылық иелерін кәсіби мерекесімен құттықтап, олардың мәдениет пен руханиятты дамытудағы еңбегіне жоғары баға берді.
— «Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың ІҮ отырысында: «Мәдениет пен өнер – ел өміріндегі өте маңызды сала. Өнер – ұлттың жаны, ал мәдениет – рухани келбеті. Бұл қос құндылықты өркениетіміздің өзегі деуге болады. Оны сақтап, байыта түсу – ортақ парыз» деген болатын. Осы ұстаным бүгінгі мерекенің мән-маңызын айқындай түседі, — деді облыс әкімі.
Сондай-ақ, өңір басшысы Мемлекет басшысының жарлығына сәйкес Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның солисі Жаскелең Ғайсағалиевке «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы, «Жастар мәдениет сарайының» вокалды-аспаптар ансамблінің солисі Омар Хибашевке «Ерен еңбегі үшін» медалімен наградталғанын және Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақжайық өңірінің мақтанышына айналған Ғ.Құрманғалиев атындағы филармонияға «академиялық» мәртебе бергенін мақтанышпен жеткізді.
Бұл – өңір өнеріне көрсетілген зор сенім мен қолдаудың белгісі.
Мерекелік шарада ҚР Президентінің Құрмет грамотасы, Алғыс хаттары, «Еңбек ардагері» медалі, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен облыс әкімінің алғыс хаттары да табыс етілді.
Мерекелік жиын концерттік бағдарламамен жалғасып, көрермендерге ерекше көңіл-күй сыйлады.