Меню
Страницы
Баспасөз орталығы
Қызметі
Әкім аппараты
Құжаттар
Байланыс ақпараты
Басқарма туралы
Құжаттар
Баспасөз орталығы
Байланыс ақпараты
Қызметі
Все материалы
28 марта 2026
Орал қаласында алғаш рет «ӨСУ ВЕКТОРЫ» форумы аясында педагогикалық ХАКАТОН өтті!


«Тиімді басқару және жас маман: тәжірибе мен идеялар үндестігі» тақырыбындағы бұл ауқымды шараға мектеп пен колледж директорларынан құралған 29 команда қатысты. Оның ішінде үздік 10 команда финалға жолдама алды.
Хакатонның басты мақсаты –
мектеп басқарудағы тиімді тәжірибелерді тарату,
жас педагогтер мен басшылар арасында кәсіби диалог орнату,
және жаңа идеяларға қолдау көрсету.
Форумға білім беру бөлімдерінің басшылары, мектеп директорлары және жас педагогтер белсенді қатысты.
Қатысушылар өз жобаларын келесі бағыттар бойынша қорғады:
▫️ цифрлық оқыту сапасы
▫️ психологиялық қауіпсіздік
▫️ STEM және тәжірибелік дағдылар
▫️ басқару және көшбасшылық
▫️ кәсіби бағдар
Білім саласындағы жаңа бастамалар мен тың идеялардың алаңына айналған бұл хакатон – тәжірибе мен жаңашылдықтың тоғысқан тұсы.

26 марта 2026
ОРАЛ ҚАЛАСЫ МЕН 7 АУДАН СУ ТАСҚЫНЫ ҚАУПІ ОРТАША АУМАҚТАРҒА ЖАТАДЫ

 

24-30 наурыз аралығында аймақта ауа температурасы 13-22 градусқа дейін жоғарылайды. Осы күндері мұздық құбылыстардың әлсіреуі, еріген қар ағындысы әсерінен өзендерде су деңгейінің көтерілуі күтіледі. Аймақ басшысы Нариман Төреғалиевтің төрағалығымен өткен жедел штабтың отырысында мамандар осындай болжам айтты. Су тасқыны кезеңінің өту барысы талқыланған гибридті форматтағы жиынға Орал қаласы мен барлық аудан әкімдері, уәкілетті орган, азаматтық қорғау және коммуналдық сала басшылары қатысты.

Мамандар өңірде топырақтың қату тереңдігі 8 бен 67 см аралығында, ал қар жамылғысы өткен аптамен салыстырғанда 18 пайызға төмен деп мәлімдеді. Орал қаласы, Тасқала, Бәйтерек, Сырым, Теректі, Бөрлі, Қазталов, Шыңғырлау аудандары көктемгі тасқын қаупі орташа аумақтарға жатқызылды. Қалған аудандарда қауіп деңгейі төмен.

Орал қаласының әкімі Мұрат Байменов мәлім еткендей, су тасқыны кезеңіне 400-ге жуық техника тас түйін дайын. Жеке және заңды тұлғалардың көмегімен тағы 100 техника тартуға мүмкіндік бар. 16 эвакопункт 4 мың адамға дейін қабылдай алады. Жиында су тасқыны қаупі орташа деңгейдегі 7 ауданның әкімі де қалыптасқан жағдайды баяндады.

«Қазсушар» РМК БҚОФ директоры Рауан Құсайынов Жайық-Көшім жүйесі 65, теңгерімдегі өзге де су қоймалары 60 пайызға толып тұрғанын хабарлады. Жайық өзенінің су деңгейі көтерілгенде қоймалар мен көлтабандарды толтыруға басымдық беріледі.

Облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов РФ Орынбор облысына жасаған жұмыс сапарының қорытындысын баяндады. Қазір Ирикла су қоймасынан төменгі ағысқа секундына 139 текше метр су жіберіліп жатса, 27 наурыздан бастап секундына 60 текше метр су босатылады. Екі өңірдің мамандары су тасқыны кезеңінде өзара іс-қимылды үйлестіріп, үздіксіз ақпарат алмасады.

Аймақ басшысы қауіп аз екен деп босаңсуға болмайтынын қаперге салды. Нариман Төреғалиев бүгіннен бастап облыстық жедел штаб жұмысына жауапты қызметкерлерді, жалпы күш пен құралдарды тәуліктік кезекшілікке көшіруді, жергілікті атқарушы органдарға жағдайды тұрақты мониторингілеуді міндеттеді.

БҚО әкімінің баспасөз қызметі

23 марта 2026
Орал қаласының тұрғындары биылғы алғашқы жалпықалалық сенбілікке шықты

Шара “Наурызнама” онкүндігі аясында Тазару күніне орай ұйымдастырылуда. Қала бойынша тазалық жұмыстары жүргізілуде. Тұңғыш Президент алаңының өзінде шамамен 300-ге жуық адам еңбек етуде. БҚО әкімі Нариман Төреғалиев барша жұртты Наурыз мерекесімен құттықтап, Тазару күнінен бастап айналаны таза ұстауға, сенбіліктерге белсене қатысуға шақырды. Сондай-ақ, Орал қаласының алдағы жылдары да ең таза әрі жасыл қала мәртебесін сақтап қалуына үлес қосу қажеттігін айтты. Сенбілікке еңбек ұжымдары, еріктілер, жастар мен аға буын өкілдері белсене атсалысты. Көпшілік үшін бұл – көктемді сөзбен емес, нақты іспен қарсы алатын игі дәстүрге айналған.

22 марта 2026
Оралда Наурыз мерекесіне 50 мыңнан астам адам жиналды

 

22 наурыз күні Орал қаласында көктемнің басты мерекесі – Наурыз кең көлемде аталып өтті. Таңғы сағаттардан бастап орталық алаңдарға жиналған тұрғындар мен қала қонақтары үшін киіз үйлер тігіліп, жәрмеңкелер мен концерттік алаңдар ұйымдастырылды. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, мерекелік шараларға 50 мыңнан астам адам қатысты.

Қала тұрғындары ұлттық тағамдардан дәм татып, қолөнер туындыларымен танысып, театрландырылған қойылымдар мен концерттік бағдарламаларды тамашалады. Халықтық бірліктің көрінісін ұлттық ойындар, алтыбақан және көпшілік серуендер айшықтай түсті.

Тұрғындар мерекенің ерекше маңызын атап өтті.
«Наурыз – бұл жай ғана мереке емес, бұл біздің тамырымыз бен тарихымыз. Бүгін балаларымызды ертіп келіп, дәстүрімізді көрсеткіміз келді. Осындай күндер көп болса екен», – дейді қала тұрғыны Айгүл Сариева.

«Ұйымдастыру деңгейі жоғары. Ең бастысы – халықтың бірлігі мен көтеріңкі көңіл-күйі. Әсіресе ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрдің жас ұрпаққа жеткізіліп жатқаны маңызды», – деді зейнеткер Қанат Оразов.

Салтанатты шара барысында облыс әкімі тұрғындарды құттықтап, Наурыздың бірлік пен келісімнің, ұрпақтар сабақтастығының символы екенін атап өтті. Сонымен қатар, мереке қарсаңында 43 отбасының жаңа баспанаға ие болғанын айтып, өңірдегі әлеуметтік қолдау шараларына тоқталды. Бұдан бөлек, аймақтың дамуындағы оң өзгерістер мен инвестициялық белсенділіктің артқаны да тілге тиек етілді.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамасымен жүзеге асқан «Наурызнама» онкүндігіне ерекше назар аударылды. Оның аясында Отбасы күнінде ұзақ жыл бірге өмір сүрген жұптар құрметтеліп, отбасы құндылықтары насихатталды. Ұлттық спорт күнінде «Бабалар ізімен» лигасының жаңа маусымы басталып, дәстүрлі ойындар заманауи технологиялармен ұштастырылды. Сонымен қатар күн сайын театрландырылған қойылымдар, қолданбалы өнер көрмелері ұйымдастырылып, «Digital Nauryz» аясында цифрландыру элементтері енгізілді.

Алдағы уақытта «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында сенбіліктер өткізіліп, көгалдандыру жұмыстары жалғасын табады.

19 марта 2026
«Таза Қазақстан» – экологиялық жауапкершілікті арттыруға бағытталған маңызды кездесу

 

   Орал қаласында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграралық-техникалық университетінің студенттерімен ақпараттық-түсіндірмелік кездесу өтті. Шараның мақсаты – жастарға экологиялық бастамалардың мәнін түсіндіру, табиғатқа жанашыр көзқарас қалыптастыру және өңірдегі экологиялық жобалар туралы кеңірек ақпарат беру.

   Кездесуге БҚО жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы басшы орынбасары Нұрсұлтан Чапайұлы жастарға экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңызын атап өтті. Ол табиғатты аялау, әр азаматтың күнделікті дағдысына айналуы керектігін айтып, студенттерді белсенділікке шақырды. Экологиялық бастамаларға қатысу – қоғамға нақты үлес қосудың тиімді жолы екенін жеткізіп, жастарды өз ортасында экосауаттылықты арттыруға шақырып, сөзін қорытындылады.

   Кездесу барысында студенттер тұрмыстық қалдықтарды дұрыс сұрыптау, жасыл жобаларға қатысу, сенбіліктер мен экологиялық науқандарда волонтер болу мүмкіндіктері туралы маңызды ақпарат алды. Сонымен қатар, өңірдегі өзекті экологиялық мәселелер талқыланып, оларды шешуге бағытталған бастамалар жөнінде ұсыныстар айтылды.

   Кездесу еркін пікір алмасу форматында өтті. Студенттер өз ойларын ортаға салып, экологиялық сауаттылықты арттыруға бағытталған жаңа идеяларымен бөлісті. Мұндай ақпараттық жұмыс жастардың табиғатты қорғау саласына деген қызығушылығын күшейтіп, олардың азаматтық белсенділігін нығайтуға ықпал етті. #ТазаҚазақстан #экология #тазақала #TazaChallenge

Мәдениет
17 марта 2026
Шаңырақ күніне: «Отбасы – тәрбиенің алтын бесігі»

 

Оралдағы Достық үйінде «Наурызнама» онкүндігі аясында Шаңырақ күніне орай «Отбасы – тәрбиенің алтын бесігі» атты үлгілі отбасылармен кездесу өтті.
Облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің атынан үлгілі отбасыларға Шаңырақ күніне сыйлықтар табысталды. Шаңырақ күні махаббат, құрмет, сенім, өзара көмек, мейірімділік, қайырымдылық, анаға құрмет және балаларға деген сүйіспеншілік сияқты отбасылық құндылықтарды насихаттауға арналған.
Іс-шараға жас және көп балалы отбасылар қатысты. Жарты ғасырдан астам уақыт бойы тату-тәтті ғұмыр кешіп келе жатқан ерлі -зайыптылар да болды. Ондай отбасылар жауапкершіліктің, адалдықтың, өзара сенім мен құрметтің, отбасылық құндылықтарды сақтаудың нақты үлгісі.
Облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Гүлжанар Шөкееваның айтуынша, Наурыз мерекесі қарсаңында еліміздің түрлі аймақтарында Наурызнама онкүндігі атап өтіледі, ал 17 наурыз – отбасылық бақыт пен ұрпақтар сабақтастығының символы – Шаңырақ күні. Бұл күнгі ұйымдастырылатын іс-шаралар жастар арасында ұлттық дәстүрлер мен құндылықтарды насихаттауға бағытталған. Батыс Қазақстан облысы Халық Ассамблеясы Аналар кеңесінің төрайымы, «Ел анасы» құрметті атағының иегері, педагогика ғылымдарының докторы Шалқыма Құрманалина іс-шаралардың жастар арасында «Қара шаңырақ», «Ата мен ене», «Бала мен келін» және «Күйеу бала мен қыз» сияқты ұлттық дәстүрлер мен құндылықтарды насихаттауға бағытталғанын атап өтті. Жақында отбасын құрғандарға ұзақ және бақытты жылдарды сүйіспеншілік пен адалдықта бірге өткізген жандардан ақыл-кеңес пен өнегелі әңгіме естігеннің ғибраты мол. Өйткені отбасы дегеніміз ең алдымен жауапкершілік жүктейді.
Іс-шарада Батыс Қазақстан облыстық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қайреден Жақсығұлов пен ардагер педагог Қанат Оразғалиев жас отбасыларға бата берді. Қанат Оразғалиевтің айтуынша, оның шаңырақ көтергеніне жарты ғасырдан астам уақыт болған. Ол өмірлік серігімен Оралда танысқан, ал асыл жары – Ресейден. Тілдік кедергілер мен ойлау қабілетінің айырмашылығы олардың бірге болуына бөгет болмады. Өйткені отбасындағы ең маңызды нәрсе – өзара құрмет, сыйластық. Қарт ата-анасы ауырған кезде де, әйелі күн-түн демей оларға қамқорлық жасады. Ол әрқашан қасында болды, қиындықты да, қуанышты да бірге көрді. Биыл ақсақал 80 жасқа толады. Қанат Исламғалиұлы жасына қарамастан өзін тың сезінеді, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып келеді.
Іс-шараға Байғалиевтер отбасы қатысты. Ақ жаулықты ана Жаңылсын Байғалиева 1946 жылы Қаратөбе ауданының Егіндікөл аулында дүниеге келді. Ол марқұм күйеуі Дүйсекешпен бірге он бала сүйген. Оның айтуынша, көп балалы отбасылар тірліктегі тұрмыстық қиындықтардан қорықпауы керек. Көп еңбек етіп, ұл-қызының санасына еңбекке деген сүйіспеншілікті сіңіріп, балаларды ата-ана өнегесімен өсірген дұрыс. Сондай-ақбалаларым көп деп мемлекеттен үнемі көмек сұрауға арқа сүйемеу қажеттігін айтты.
Бақытты отбасының балапандары қанаттанған, бұл күндері олар түрлі салада қызмет етеді. Олар: мұғалім, медицина және ауыл шаруашылығы қазметкері, мемлекеттік қызметкер және журналист. Бір ұядан ұшқан бауырлар тату, бір-біріне көмектеседі. Ж. Байғалиеваның 28 немересі және 17 шөбересі бар. Отбасылық дәстүр бойынша баршасы спортпен айналысады, домбыра тартады. Бұл іс-шарада Шапағат Әнуарқызы «Адай» күйін бебеулетті, ал Марат Байғалиев «Шашбаулым» әнін домбырамен орындады.
Әдемі мен Әсет Оразғалиевтердің айтуынша, олар мұндай іс-шараларға қатысу арқылы көп нәрсені ойға түйеді және мұндай шаралардың тәрбиелік мән-маңызы зор. Гүлжанар Болатқызы өнегелі отбасылларға облыс әкімі атынан символикалық сыйлықтар табыс етті.
Гүлбаршын Әжігереева "Орал өңірі"

14 марта 2026
Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев өңір халқын Көрісу күнімен құттықтады, деп хабарлайды БҚО әкімінің баспасөз қызметі

 

“Қадірлі жерлестер!

Баршаңызды әз-Наурыздың басы саналатын берекелі мейрам – Көрісу күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Бұл – ағайынның бір-бірімен арқа-жарқа қауышатын, аман-саулық сұрасатын, елдің елдігі мен бірлігін танытатын тағылымды мейрам. Осы күні адамдар өзара кешірісіп, ниеттің ақтығын, пейілдігін кеңдігін көрсетеді. Бабадан жеткен бағзы дәстүр – үлкенге құрмет пен кішіге ізеттің, бауырмалдық пен мейірімділіктің нышаны.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен үш жыл бұрын Наурыз мейрамын тойлаудың жаңа форматы – «Наурызнама» онкүндігі енгізілді. Оның аясында ұлттық құндылықтарымыз ұлықталып, бүгініміз бен болашағымыз үшін маңызды қағидаттарға назар аударылды. Президенттің тікелей қолдауымен Көрісу күні жалпыұлттық сипат алып келеді.

Ардақты ағайын!

Осы бірегей дәстүріміз ырысты ынтымағымыз бен берекелі бірлігімізді нығайта берсін! Әр шаңырақ шаттық пен мол игілікке кенелсін! Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке тілеймін! Айдан аман, жылдан есен болып, Амалдан Амалға жете берейік!”, - деді Нариман Төреғалиев.

11 марта 2026
ҚР Президентінің кеңесшісі Казталов ауданының тұрғында


Бүгін Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Казталов ауданының тұрғындарымен кездесті. Еліміздегі саяси реформалар талқыланған жиынға аудан активі, үкіметтік емес ұйым өкілдері, ардагерлер, салалық мекеме басшылары, білім және денсаулық сақтау саласының мамандары, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Кездесуді Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының төрағасы, «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы, облыстық коалиция басшысы Мұрат Мұқаев жүргізді.

Жиын барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған конституциялық реформалардың мән-маңызы кеңінен түсіндірілді. Атап айтқанда, 15 наурызда өтетін республикалық референдум арқылы ел болашағына қатысты маңызды шешім қабылданатыны айтылып, жаңа Ата заң жобасының қоғам талқысына ұсынылып, жарты жыл бойы жан-жақты талқыланғаны атап өтілді.

Кездесу барысында ауданның қоғамдық өміріне белсене араласып жүрген азаматтар сөз алып, жүргізіліп жатқан реформалардың ел дамуына ықпалы жөнінде пікір білдірді. Алғашқылардың бірі болып сөз сөйлеген аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жүсіп Шакуов ел бірлігі мен тұрақтылығын сақтауда аға буынның жауапкершілігі әрдайым жоғары екенін атап өтті. Ол мемлекет жүргізіп отырған жаңғыру бастамалары халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталғанын айтып, барша тұрғындарды елдік мүдде жолында бірлік танытуға шақырды.

— Ардагерлер қауымы әрқашан ел бірлігін, тыныштық пен тұрақтылықты ең жоғары құндылық деп біледі. Сондықтан Жаңа Конституцияда айқындалған бағыттарды, еліміздің дамуына негізделген бастамаларды әрдайым қолдайды. Өйткені біз бейбіт өмірдің, тұрақтылық пен татулықтың қадірін жақсы түсінеміз. Бүгінгі таңда әлемде түрлі күрделі жағдайлар орын алып жатыр. Көрші мемлекеттердегі оқиғалар да біз үшін үлкен сабақ болуы тиіс. Ең басты байлығымыз – ел тыныштығы мен бірлігіміз екенін әрдайым есте ұстауымыз қажет. Татулық пен келісім сақталған жерде ғана даму мен өркендеу болады. Сондықтан біз, барша аудан тұрғындары және аудан ардагерлері Жаңа Конституцияда айқындалған қағидаттарды қолдай отырып, елдегі тұрақтылықты сақтау, бірлік пен татулықты нығайту жолында өз үлесімізді қоса береміз,  — деді ол.

Сонымен қатар «Құрмет» орденінің иегері, №2 Казталов аудандық ауруханасының директоры Надежда Васильева ауданның денсаулық сақтау саласында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, соңғы жылдары ауданның медициналық инфрақұрылымы айтарлықтай нығайып, жаңа медициналық нысандар салынып, жедел медициналық жәрдем көліктері табысталып, заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде.

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың медицина саласына көрсетіп отырған ерекше қолдауын атап өткім келеді. Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Ақорда төрінде Президенттің қолынан «Құрмет» орденін алу мен үшін зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік. Бұл марапатты мен тек жеке еңбегімнің ғана емес, облысымыздың, ауданымыздың медицина саласының қызметкерлеріне көрсетілген жоғары құрмет пен сенімнің белгісі деп қабылдаймын. Мемлекет тарапынан дәрігерлер еңбегінің бағалануы – денсаулық сақтау саласына деген ерекше көңілдің айқын көрінісі,  — деген денсаулық сақтау саласының басшысы: «Біз көпұлтты мемлекетпіз, бірақ барлығымызды біріктіретін ортақ құндылықтар бар. Сол құндылықтардың бірі – мемлекеттік тіл», — деп тіл мәселесіне де тоқталды.

Кездесуде білім саласының даму бағыттары да кеңінен сөз болды. Алма Оразбаева атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің директоры Марал Әнуарбекқызы Төлекенова білім беру жүйесінде жүзеге асырылып жатқан жаңашылдықтар мен реформалардың маңызын жеткізді.

— Білім – бүгінгі күннің капиталы, жаңа дәуірдің талабы, еркіндіктің кілті, болашақтың кепілі. Расымен білекпен емес, біліммен жарысатын заман туды. Тұғырлы елдің жастарға қоятын жалғыз талабы да осы. Осындайда Абылайдай алып тұлғаның: «Білекке сенген заманда ешкімге есе бермедік. Білімге сенер заманда қапы қалып жүрмелік», - деген сөзі ойға оралады. Білім мен ғылым саласында да бірлік пен ұжымдық күш, әр адамның дамуына берілген мүмкіндік – табыстың кепілі. Біз, барша жерлестер және ұстаздар қауымы, Жаңа Конституцияны қолдай отырып, ел болашағы үшін жасалып жатқан игі бастамалар мен реформалардың табысты жүзеге асуына өз үлесімізді қоса береміз,  — деді жас ұстаз.

Жиын соңында Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев сөз сөйлеп, елімізде қолға алынған конституциялық реформалардың басты мақсаты – әділетті, тиімді әрі халық мүддесіне қызмет ететін мемлекет қалыптастыру екенін атап өтті.

— Қазақта «Заман басқа, заң басқа» деген сөз бар. Жалпы заман өзгергенде, қоғам өзгергенде, адам өзгергенде заңның өзгеруі қисыңды нәрсе. Қазір еліміздің саяси бағдары үшін маңызды сәт. Жаңа Конституция — ел дамуының жаңа кезеңіне қадам басқанымызды айшықтайтын, көрсететін тарихи құжат. Жалпы, осы конституциялық реформа Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың еліміздегі саяси жүйені жаңғырту бастамасынан туындаған маңызды қадам деп білеміз.  Біздің халқымыз, сапалы тіршілікке, сапалы өмір салтына ұмтылып отыр. Сондықтан конституциялық реформаның да бастауында халықтың сұранысы тұр. Халықтың сұранысы іспен, дәйекті заңмен орындалатыны сөзсіз. Екіншіден, Тәуелсіздіктен кейін 30 жылдан астам уақытты артқа тастаған қоғам идеологиялық бағдар мен тарихи танымда елеулі үзік барын жиі айтатын. Біз әлеуметтік желідегі, бұқаралық ақпарат құралдарындағы айтылатын ащы, кейде тұщы сынды байқаймыз. Мінекей, саяси жаңару осыны да орайымен түзеп, сабақтастықты жалғап келе жатыр. Үшіншіден, заңның өзіне заңдық қағидатпен қарайтын уақыт туды. Біз — ілгері мемлекетпіз. Біздің мемлекеттік тарихымыз ғасырлар бұрын басталып, ғасырлар бойы жалғасып отырады,  — деді Президент кеңесшісі.

Ол өз сөзінде Қазақстанның тұрақты дамуы мен қоғамдық келісімді нығайту жолында әрбір азаматтың белсенділігі мен азаматтық жауапкершілігі маңызды екенін атап өтті. Ата заң – мемлекеттің берік іргетасы, ал оны қолдау – әр қазақстандықтың ортақ парызы екені баса айтылды.

Кездесу барысында тұрғындар өз ой-пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салып, ел болашағына қатысты маңызды бастамаларға қолдау білдірді.

Ернәсіл Рысқалиев,

Казталов ауданы

Автокөлік жолдары
09 марта 2026
БИЫЛ БҚО-ДА 447 ШАҚЫРЫМ АВТОЖОЛ ЖӨНДЕЛЕДІ

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес 2029 жылға дейін 10 мың шақырым автожолға орташа жөндеу жүргізіледі. Бұл туралы бүгін Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында айтылды. Күн тәртібінде автожол саласын дамыту мәселесі қаралды. Жиынға облыс әкімі Нариман Төреғалиев селекторлық режим арқылы қатысты.

Облыста автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 6063 шақырымды құрайды. Оның 1349 шақырымы республикалық, 4714 шақырымы жергілікті маңызы бар жолдар. Биыл республикалық маңызы бар жолдардың 98 пайызы, ал жергілікті маңызы бар жолдардың 60 пайызы нормативтік деңгейде.
Кейінгі 3 жылда 258 млрд теңгеге 1542 шақырымнан астам жол жөндеуден өтті. Республикалық маңызы бар жолдар бойынша 2023 жылдан бері 396 шақырымды қамтитын 11 жоба іске асырылуда. Президент тапсырмасына сәйкес Казталов, Жәнібек, Бөкей ордасы аудандары мен облыс орталығы арасындағы көлік қатынасын жақсарту мақсатында 82 млрд теңгеге 245 шақырым автомобиль жолына жаңа асфальтбетон жабыны төселді. Биылғы ірі жобалардың бірі – «Подстепное–Федоровка–Ресей Федерациясы шекарасы» бағытындағы жол қайта жаңғыртудан өтуде. Қазіргі таңда оның 83 шақырымы бойынша жұмыстар аяқталды.

Өңірде 3 жыл ішінде 100 млрд теңгеге 784 шақырым жергілікті маңызы бар жолдар асфальтталды. Оның ішінде 56 ауылдық елді мекенге кіреберіс жолдар жөнделді. Қаладағы көлік инфрақұрылымы да жақсарып, жол қозғалысының қауіпсіздігі артты.

Облыс әкімі құзырлы құрылымдарға жол сапасын тұрақты назарда ұстау, әсіресе жөндеу кезінде ауыр жүк көліктерінің айналма жолдармен өтуін жіті бақылау бойынша нақты тапсырмалар берді.
Айта кетейік, биыл облыс бойынша 110 млрд теңгеге 447 шақырым автомобиль жолын жөндеу жоспарланған.

БҚО әкімінің баспасөз қызметі

07 марта 2026
ОБЛЫС ӘКІМІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӘЙЕЛДЕР КҮНІМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

 

8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай облыс әкімі Нариман Төреғалиев өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген аяулы жандармен кездесті. Шырайлы шараға еңбек ардагерлері, ақжаулықты әжелер, көпбалалы аналар, түрлі салада көш бастап жүрген қыз-келіншектер қатысты.

Аймақ басшысы мерекемен құттықтап, елдіктің жүгін ер азаматтармен қатар көтеріп, адал еңбек етіп жүрген нәзік жандыларға алғыс айтты. Сондай-ақ мемлекет тарапынан оларға әрдайым қолдау көрсетілетінін жеткізді.

Облыс әкімі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған саяси реформалардың заңды әрі дәйекті жалғасы саналатын жаңа Конституция жобасына қатысты түпкілікті шешім шығаруда да әйелдер қауымы қалыс қалмайтынына сенім білдірді.

Іс-шара барысында қатысушылар емен-жарқын әңгіме өрбітіп, ұсыныс-тілектерін жеткізді.

Аймақ басшысы жиын соңында мемлекеттік және қоғамдық істе, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және әскери қызметке еңбегі сіңген ардагерлер мен қыз-келіншектерге алғыс хат табыстады.

БҚО әкімінің баспасөз қызметі

Социальные сети
Youtube.com
Twitter.com
Facebook.com
Instagram.com
Меню подвал
Экран дикторы
Терминдер мен қысқартулар
Құпиялылық саясаты
Ашық деректердің интернет-порталында ақпаратты орналастыру қағидалары
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
ҚР Премьер-Министрінің сайты
ҚР Президентінің сайты