Меню
Страницы
Баспасөз орталығы
Қызметі
Әкім аппараты
Құжаттар
Байланыс ақпараты
Басқарма туралы
Құжаттар
Баспасөз орталығы
Байланыс ақпараты
Қызметі
Все материалы
Құрылыс
27 апреля 2023
Облыс әкімі Нариман Төреғалиев Зачаганск кентіндегі инженерлік-коммуникациялық желілер мен жылыту қазандықтарды және Ақжайық шағынауданындағы тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстарымен танысты.



Бірнеше рет апатты жағдайлар орын алған құбырлардың жағдайы бүгінде қанағаттанарлықсыз деп танылып отыр.

Қазіргі уақытта қалалық ТҮКШ бөлімі мен «Жайықжылуқуат» мекемесі бірлесіп құбыларды жөндеу жұмыстарын жүргізуге сметалық құжаттама дайындау үстінде. Нәтижесінде жерасты құбырлар толықтай жаңартылатын болады.

Шағын аудандағы жылу желілерінің жұмысымен танысқан өңір басшысы қала әкімдігіне магистральдық инженерлік-коммуникациялық желілерді қалпына келтіру жобасы бойынша жұмыстарды жеделдетуді және құрылыс жұмыстарын жылыту маусымы басталғанға дейін аяқтауды тапсырды.

Бұдан кейін облыс әкімі Ақжайық шағынауданындағы салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстарымен танысты. 

Қазіргі таңда бұл шағынауданда 7 көпқабатты тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары жүруде. Аталған шағынаудандағы құрылыс жұмыстарымен танысқан өңір басшысы Нариман Төреғалиұлы үйдің құрылысымен қатар инженерлік-коммуникациялық желілерін салуды, аула аумағын абаттандыруды және шағынаудан кіреберіс жолдарын үйдің құрылысымен қатар аяқтауды тапсырды.

Сонымен қатар құрылыс жұмыстарын сапалы әрі уақытылы аяқтау бойынша мердігерлерге және сала басшыларына нақты тапсырма берді.

25 апреля 2023
Бүгін облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің төрағалығымен аппараттық кеңес өтті


Бүгін облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің төрағалығымен өңірге инвестиция тарту, облыстың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері және ел қазынасынан бөлінген қаржының тиімді жұмсалуы мәселелері талқыланған аппараттық кеңесі өтті.

Кеңесте облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жанна Бекқалиева өңірде облыстың инвестициялық әлеуеті туралы баяндады. Оның айтуынша, биыл өңірімізде жалпы 54 ірі жоба іске қосылуы қажет. Бүгінде оның 10-ы пайдалануға беріліп, 464 адам жаңа жұмыс орнымен қамтылған. Айта кетсек, биыл «Ringo-Milk» ЖШС-ның сүт-тауарлы фермасы, «PlayCom Uralsk» ЖК-ның фанера өндіріс орны, «БҚҚМК» АҚ-ның силикатты кірпіш зауыты іске қосылған. «Nurbergen Health Resort» ЖШС-ның қонақ үй құрылысы аяқталып, «Талап» АҚ мен «Олимп» ЖШС-ның ғимараттары салынған. Сондай-ақ «Мерей» ЖШС-ның сауда үйі, «Диана» ЖК-ның құрама жем өндірісі кешені, «Уральск АЗС Сервис» ЖШС-ның жанар-жағармай құю бекеті және «PHX-KZ» ЖК-ның химикалық өнімдер шығаратын зауыты пайдалануға берілген.

Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 9,9%-ға өсіп, 501,1 млрд теңгені құраған.

Облыстық әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы баяндаған облыстық стратегия және экономикалық даму басқармасының басшысы Бибігүл Қонысбаеваның мәліметінше, қаңтар-наурыз айында облыстың жеті негізгі көрсеткіші бойынша оң динамика байқалған. Біріншісі, өңдеу өнеркәсібінде. Нақтырақ айтсақ, машина жасау саласында өнім 46,1%-ға, металлургия өнеркәсібі - 44,3%-ға, мұнайды қайта өңдеу саласындағы өнім 40,4%-ға артқан. Сондай-ақ құрылыс индустриясы өнімдері - 23,2%-ға, химия өнеркәсібі өнімдері – 11,6%-ға, тамақ өнімдері – 2,4%-ға, сусындар өндірісінің көлемі 28,8%-ға артқан.

Ауыл шаруашылығы өнімі 5,5%-ға артып, 28,6 млрд теңгені құраған. Ет өндірісі 8,6%-ға, сүт 2,9%-ға артты. Алайда ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру Байтерек, Бөрлі ауданында және Орал қаласында төмен. Тұрғын үйлерді салу қарқыны Бөкей ордасы, Сырым,Теректі аудандарында және Орал қаласында баяу. Инвестиция тарту жұмыстары Шыңғырлау ауданы мен Орал қаласында жоқтың қасы.


Облыс әкімі Нариман Төреғалиев Орал қаласына инвестиция тарту жұмыстарының кемшін жүріп жатырғандығын ескертіп, сала мамандарына тапсырма берді.

Сондай-ақ, кеңес отырысында биылғы жылдың бірінші тоқсанындағы бюджеттің тиімді жұмсалуы туралы облыстық қаржы басқармасының басшысы Нұрлан Есенғалиев баяндады.

Жиын соңында өңір басшысы күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша сала мамандарына бірқатар тапсырмаларды жүктеді.

Гүлсезім Бияшева

20 апреля 2023
Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі "Парыз-2023" республикалық конкурсына қатысуға шақырамыз

 

Батыс Қазақстан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы өңірдің барлық кәсіпорындарын бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «ПАРЫЗ-2023» (бұдан әрі-Конкурс) республикалық конкурсына қатысуға шақырады.

Конкурс мемлекетіміздің тұңғыш Президентінің бастамасы бойынша 2008 жылдан бері өткізілуде. Қазақстан Республикасы Президентінің                          2008 жылғы 23 қаңтардағы №523 Жарлығымен «Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі "Парыз" конкурсын өткізудің ережелері» бекітілді.

Конкурс халықтың әл-ауқатын одан әрі жақсарту үшін жеке кәсіпкерлік субъектілерінің қоғам алдындағы өзінің корпоративтік әлеуметтік жауапкершілігін қалыптастыруға және арттыруға бағытталған.

Конкурсты өткізудің мақсаттары:

1) жеке кәсіпкерлік субъектілерін өз қызметкерлері үшін, сол секілді тұтас алғанда қоғам үшін де әлеуметтік мәселелерді шешуге ынталандыру;

2) осы саладағы қолда бар оң тәжірибені көрсету және кеңінен тарату.

Жеке кәсіпкерлік субъектілері (бұдан әрі - үміткерлер) қатыса алатын конкурс Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында өткізіледі.

Мемлекеттің акциялары, жарғылық капиталдарындағы қатысу үлесі 50 проценттен асатын ұйымдар конкурсқа қатысуға жіберілмейді. Бұл конкурсқа жеке кәсіпкерлік субъектілер қатыса алады.

Конкурсқа катысуға:

1) қызметін кемінде үш жыл жүзеге асыратын;

2) таратылу сатысында тұрмаған, банкрот деп танылмаған;

3) Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының жойылмаған бұзушылықтары, оның ішінде қызметкерлерге жалақы және басқа да төлемдер бойынша мерзімі өткен берешегі жоқ;

4) қызметкерлермен ұжымдық еңбек даулары жоқ;

5) Қазақстан Республикасының аумағында саяси, кәсіподақ және діни ұйымдарды қолдауға бағытталуға тиіс емес әлеуметтік және қайырымдылық қызметті жүзеге асыратын;

6) конкурсқа қатысуға өтінімінде дәйекті мәліметтерді көрсеткен, сондай-ақ құжаттарды толық көлемде ұсынған үміткерлер жіберіледі.

Үміткерлерге конкурсқа қатысу тегін болып табылады. Үмітркелерді іріктеу процесінің ашықтығын қамтамасыз ету, өтінімдер рәсімін оңтайландыру үшін конкурс өткізу екі кезеңнен тұрады: өңірлік және республикалық деңгейде. Үміткерлердің өтінімдері жергілікті атқарушы орган қағаз және электронды жеткізгіштерде қабылдайды. Өтінімдерді қарастыру облыстық әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссиясының қорытындысы бойынша құжаттар республикалық комиссиясына жолданылады.

Комиссия ұсынылған материалдардың негізінде жеңімпаздарды анықтайды және мынадай номинациялар бойынша конкурстың лауреаттары атақтарын беру туралы шешім қабылдайды:

"Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын".

Бұл номинацияда өз персоналын қолдауға, мүмкіндігі шектеулі адамдарды әлеуметтік бейімдеуге және жалпы коғамның әл-ауқатын жақсартуға бағытталған әлеуметтік бағдарламаларды (еңбекақыны және әлеуметтік төлемдерді төлеуді, кадрларды кәсіптік даярлау мен қайта даярлау жүйесін ұйымдастыру, мүмкіндігі шектеулі адамдарды барынша көп мөлшерде жұмысқа орналастыру және тағы басқалар) іске асыратын үміткерлердің кызметі қаралады;

"Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын".

Бұл номинацияда еңбек қызметі процесінде қызметкерлердің денсаулығын сақтауға мүмкіндік беретін еңбек жағдайларын жасайтын үміткерлердің қызметі қаралады;

"Үздік ұжымдық шарт".

Бұл номинацияда Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген, қызметкерлердің еңбек және әлеуметтік құқықтарын едәуір жақсартатын және нығайтатын ұжымдық шарттар қаралады.

"Экологияға қосқан үлесі үшін".

Бұл номинацияда қоршаған ортаның, қалдықтарды кәдеге жарату мен қайта өңдеудің жай-күйін жақсартуға бағытталған табиғатты қорғау (экологиялық) бағдарламаларын, іс-шараларын және жобаларын іске асыруда ерекше көзге түскен үміткерлердің қызметі қаралады.

Гран-при - конкурстың жоғары наградасы жұмыста және корпоративтік әлеуметтік және экологиялық жауапкершілік қағидаттарын іске асыруда анағұрлым жоғары нәтижелерге қол жеткізген үміткерге беріледі. Конкурс лауреаттарына тиісті диплом, эмблема және айрықшалық белгісі (мүсінше) беріледі. Конкурс лауреаттарын марапаттау рәсімі жыл сайын желтоқсан айында, салтанатты жағдайда өткізіледі.

Конкурсқа катысу үшін үміткерлер жергілікті атқарушы органдарға материалдарды екі данада жолдайды, оларда:

1) осы ережелерге қосымшаға сәйкес толтырылған өтінім;

2) үміткердің өз қызметінің деңгейін өзін-өзі бағалауын және корпоративтік әлеуметтік жауапкершілігі бойынша нақты нәтижелерін білдіретін есебі болады;

Үміткердің есебінде:

  • заңды тұлғаның немесе жеке тұлғаның тарихы;
  • ұйымдық құрылымы;
  • өзге де қосымша ақпарат;

3) есепке қосымша (ұжымдық шарттың көшірмесі және өзге де құжаттар);

4) Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі белгілеген және оның интернет-ресурсында орналастырылған нысанда толтырылған сауалнама болуы тиіс.

Құжаттарды қабылдау мерзімі ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіне дейін.

Конкурс туралы толық ақпаратты ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek?lang=kk сайтынан немесе облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының https://www.gov.kz/memleket/entities/bko-social?lang=kk сайтынан, мына мекен-жайы бойынша: Орал қаласы, Сарайшық көшесі 44/2, 405 каб., байланыс телефоны 8(7112) 50-50-99, 51-28-66; эл. мекен жайы: lu.zhadenova@bko.gov.kz және bqo_jumyspen_qamty инстаграм, https://www.facebook.com/bqo.jumyspen.qamty фейсбук әлеуметтік желілері арқылы алуға болады.

 

Батыс Қазақстан облысының жұмыспен

қамтуды үйлестіру және әлеуметтік

бағдарламалар басқармасы

18 апреля 2023
Кадрлық тағайындау



ҚР Президент Әкімшілігінің және аудандық маслихат келісімімен, меритократия қағидаттарына сәйкес Жаңақала ауданының әкімі лауазымына Алпамыс Жаңабайұлы Көшкінбаев тағайындалды.
Алпамыс Жаңабайұлы Көшкінбаев 1984 жылы Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Білімі жоғары, М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін «Математика» және Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетін «Есеп және аудит» мамандығы бойынша аяқтаған.
Еңбек жолын 2005 жылы Батыс Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінің оқытушысы болып бастаған.
Әр жылдары Орал қалалық ішкі саясат, Орал қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің, Батыс Қазақстан облысының ішкі саясат басқармасының бас маманы болды.
Сондай-ақ, Орал қаласы мәдени-ағарту бірлестігінің директоры, Бөрлі ауданы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің меңгерушісі, бөлім басшысы, Бөрлі ауданы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарды.
2022 жылғы тамыздан бастап бүгінгі күнге дейін Батыс Қазақстан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы болып қызмет етті.

18 апреля 2023
Кадрлық тағайындау



ҚР Президент Әкімшілігінің және аудандық маслихат келісімімен, меритократия қағидаттарына сәйкес Казталов ауданының әкімі лауазымына Асланбек Ахметоллаұлы Сарқұлов тағайындалды.
Асланбек Ахметоллаұлы Сарқұлов 1984 жылы Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Білімі жоғары, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін «Тарих, құқық және экономика негіздері», Қазақстанның инновациалық және телекомуникациалық жүйелер университетін «Бизнес және басқару» мамандығы бойынша аяқтаған.
Еңбек жолын 2006 жылы «Нұр Отан» ХДП Батыс Қазақстан облыстық филиалының жастар саясаты жөніндегі кеңесшісі болып бастаған.
Әр жылдары «Нұр Отан» ХДП Батыс Қазақстан облыстық филиалының идеологиялық және қоғамдық-саяси жұмыстар бөлімінің меңгерушісі, «Нұр Отан» ХДП Орал қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары болып еңбек етті.
Сондай-ақ, Орал қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы, Сырым ауданы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарды.
2022 жылғы тамыздан бастап бүгінгі күнге дейін Бөрлі ауданы әкімінің орынбасары болып қызмет етті.

14 апреля 2023
Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін масштабтау шеңберінде агрологистикалық кешен құру және сүт-тауар фермаларын салу жөніндегі кеңес

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ержан Балтаевтың төрағалығымен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасында агрологистикалық кешен құру және Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі негізінде сут тауарлы фермаларды салу мәселесі талқыланды.

Кеңес барысында «Aqjaiyq» ӘКК басқарма төрағасының орынбасары Д.К. Сугурбаев облыстың логистикалық әлеуеті туралы мәлімет беріп, агрологистикалық кешен құрылысының тұжырымдамасы, ұсынылатын орны мен мемлекеттік қолдау шаралары туралы баяндаса, Батыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Н.К. Қарағойшин мен «Aqjaiyq» ӘКК басқарма төрағасының орынбасары К.А. Узыканов Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі бағдарламасының шарттары мен талаптарын түсіндіріп, ағымдағы жылы жүзеге асыруды жоспарлап отырған сүт тауарлы фермаларды құруды қаржыландыру, мемлекеттік қолдау шараларын түсіндірді.

Облыста ауыл шаруашылығы өнімдерін бір жерден сақтау, қаптау, қайта өндеу және сату бағытында агрологистикалық кешен құру үшін жер учаскесін белгілеу жұмыстары жүргізіліп, әлеуетті инвесторларды тарту мәселесі қарастырылуда.

Сонымен қатар, облыстың сүт және сүт өнімдеріне деген қажеттілігін азайту мақсатында Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі негізінде сүт тауарлы фермаларды үшін ағымдағы жылы республикалық бюджеттен 6 млрд. теңге қаражат бөлінеді деп жоспарланып отыр.

13 апреля 2023
Университет ғылымының жетістіктері мен келешегі

Бүгін профессорлар, академиктер, зерттеушілер, оқытушылар, аспиранттар, докторлар мен ғылым кандидаттары құттықтаулар қабылдады. М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде ғылыми қызметкер күніне арналған университет ғалымдарының «Университет ғылымының жетістіктері мен келешегі» атты салтанатты шара өтті.

Қазіргі уақытта жоғары мектеп жүйесі аясында жүзеге асырылатын ғылыми-зерттеу қызметінің рөлі ерекше маңызға ие. Бүгінгі мерекеге орай еліміздің барлық жоғары оқу орындарында ғылыми қызметкер күніне арналған түрлі тақырыптық іс-шаралар өтуде. Салтанатты жиынның алдында «М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің ғылыми жетістіктері» көрмесі өткізіледі, көрмеде жоғары оқу орны мақтан тұтатын жобалары мен «М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің ғылыми әлеуеті» кітап көрмесінде университет ғалымдарының маңызды еңбектері ұсынылған.

Шараға өңір басшысы Нариман Төреғалиев қатысып, бірқатар ғалымдарды жеке құттықтады. Ғалымдарды атап өтетін болсақ, ғылыми жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі проректордың м.а. К. М. Ахмеденов, академиялық мәселелер жөніндегі проректор Г. С. Кайсағалиева, М.Өтемісов бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы. М. К. Сүлейменов БҚО әкімдігі мен Орал қаласы әкімдігінің Құрмет грамоталарымен, ректордың алғыс хаттарымен және білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Құрмет грамоталарымен марапатталды.

Мерекелік салтанатты жиналыс университеттің шығармашылық ұжымдарының мерекелік концертімен аяқталады.

“Жайық пресс” ақпарат орталығы

13 апреля 2023
Қаржы гранты әділ бөлінуі тиіс

Облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің төрағалық етуімен  аппараттық  кеңес өткізіліп,  оған облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық  басқармалар мен мүдделі  мемлекеттік  ұйым басшылары, Орал қаласы және аудан әкімдері қатысты.

Алдымен, кеңестің күн тәртібінде көктемгі-жазғы әскерге шақыру компаниясын ұйымдастыру мәселесі қаралып, бұл жөнінде облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары Альберт Бекмұханов баяндады. Оның сөзінше, облыста 2023 жылы көктемгі шақыруда ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің әскери командаларын жас буынмен жасақтауда берілген жүктемені аудандардағы барлық қорғаныс істері жөніндегі бөлімдер мен қалалық басқарма 100 пайыз орындамаған.

Жаңақала ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімнен басқа жергілікті әскери басқару құрылымдары 20 пайыз резервтегі  қажетті санмен әскери командаларға әскерге шақырушыларды қамтамасыз  ете  алмаған.

– Облыс бойынша барлығы 148 ауылдық округ бар. Әр ауылдық округтен кем дегенде 3 немесе 4 әскер жасындағы жігітті шақыру комиссиясына қамтамасыз етсе, ауданның облысқа берілген жүктемесін қиындықсыз орындауға болады. Мәселен, Ақжайық, Бөкей ордасы, Бөрлі, Қаратөбе аудандары облыстық бақылау комиссиясының отырысына көрсетілген мерзімде әскерге шақырушылардың 15 пайызын да қамтамасыз етпеді. Мұның өзі аталған аудандарда мерзімді әскерге шақыру науқаны тиісті дәрежеде ұйымдастырылмағанын көрсетеді. Бұл жағдай қайталана берсе, биыл көктемгі мерзімдегі әскерге шақыру науқанында еліміздің қарулы күштері, басқа да әскери құрылымдардың әскери командаларын уақтылы жасақтай алмаймыз. Облыстық полиция департаментінің бірінші орынбасары, облыстық шақыру комиссиясының мүшесі, полиция полковнигі Ж. Жаншиннің төрағалығымен 20 және 29 наурызда, 5 сәуірде облыстық жергілікті полиция қызметі және қорғаныс істері жөніндегі бөлім (басқарма) бастықтарының қатысуымен әскери борышын өтеуден жалтарып жүрген азаматтарды іздестіру, табу және шақыру учаскесіне қамтамасыз ету бойынша жедел отырыстар өткізіліп, нақты тапсырмалар берілді, – деді  А. Бекмұханов.

Облыс әкімі бұл мәселе бойынша облыстық қорғаныс істері департаментіне, аудан әкімдеріне тиісті тапсырмалар жүктеді. Ол әскерден жалтарып жүрген азаматтардың не себепті мұндай әрекетке баратындығының себебін анықтауды, әскерге барудан қашқақтайтын болса, қатаң шара қолдану қажеттігін баса көрсетіп  айтты.

 – Кеңес үкіметі кезінде жас жігіттер денсаулығы жарамай, әскерге барудан қалып қойса, «Қатарыммен бірге бара алмадым» деп ұялып, намыстанып, жылайтын еді. Қазір олай етпек түгілі, әскерден қалайда жалтарудың жолын іздейді. Тұрағы белгісіз азаматтардың қолына әскерге шақырту қағазын берудің мүмкіндігі жоқ деген уәж айтасыңдар. Олай болса, келесі жылға әскерге шақыруға қазірден бастап неге дайындалмайсыңдар? Жан-жаққа сұрау салыңдар. Ал сіздер науқан жақындағанда ғана қимылдап, шақырылушыны іздейсіңдер, мұнымен таба аласыңдар ма? Алдағы уақытта бұл мәселе бойынша аудан, қала әкімдерінен сұрайтын боламын. Ақжайық ауданында әскерге шақырылған 234 азаматтың тек 23-і әскерге жарамды болуының өзі қам жегізерлік, ойлантатын  жайт.

Мониторинг жасап, мұның себебін анықтау керек. Барлық ауданда дерлік спорттық кешендер пайдалануға берілді. Сондықтан жастарды спортқа, еңбекке баулып, патриоттық бағыттағы үгіт-насихат жұмыстары күшейтілуі тиіс. Әскерге шақыру кезіндегі шаралармен  шектеліп қалмай, бұл жұмыстар жыл бойына үздіксіз жүргізілуі қажет. Облыстық әскерге шақыру комиссияларымен жұмыс істеуді жандандыру қажет. Мекеме басшылары қарамағында жұмыс істейтіндерді әскерге жіберуге жауапты. Мұның бәрін заңмен реттеу керек. Осыған байланысты, облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент, әскерден жалтарушыларға, шақыруға келмейтін азаматтарға талапты қатайту тұрғысында бізге ұсыныс дайындаңыздар, – деді Нариман  Төреғалиұлы  өз  сөзінде.

Жиында жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар беру және «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту» жөніндегі ұлттық жобасы аясында 35 жасқа дейінгі азаматтардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау мақсатында микрокредиттер беру мәселесі қаралып, талқыланды. Аталған мәселе бойынша облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Исатай Мыңбаев биыл «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту» жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде 21 861 адамды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту жоспарланып, ағымдағы жылдың 1 сәуіріне 7010 адам түрлі жұмысқа тартылғанын мәлім етті. Оның айтуынша, 405 адамға жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыруға арналған мемлекеттік гранттар беру жоспарланып, 1 сәуірге дейін 128 адамға берілген. Гранттың негізгі бөлігі мал, құс, өсімдік шаруашылығын және кәсіпкерліктің өзге де саласын дамытуға таратылған. Биыл  21-35 жас аралығындағы азаматтардың кәсіпкерлік бастамасын қолдау мақсатында жылдық сыйақы мөлшері 2,5 пайызды құрайтын жеңілдетілген ұзақ мерзімді микрокредит беру басталған. Оның мерзімі 5 жылға дейін, мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін 7 жылға дейін. Ең жоғары мөлшері 5 млн теңге, номиналды сыйақы мөлшерлеме-сі жылына – 2,5 пайыз. Биыл 4 сәуірдегі жағдай бойынша микрокредит алуға 20 адам ниет білдіріп, құжаттарын «Аграрлық кредиттік корпорация» АҚ-ға тапсырған.

Кеңестің күн тәртібіндегі осы мәселеге орай Нариман Төреғалиұлы  бүгінгі таңда сол жылдары грант алғандардың өз жұмысын бастағанымен, қайтадан жұмыссыздар қатарына қосылып кетуіне жол бермеу,  грант берілген адамға қолдау көрсету, грант алған адамның сол ақшаны қалай жұмсағанына сараптама жасау қажеттігіне тоқталды.

– Мал шаруашылығына грант бөлгенде, әсіресе сүтті сиыр алатын тұрғындарға беру керек. Грант алған әрбір адамды аудан әкімдері қарап, қадағалап, бизнесі жанданып кеткенше көмектесіп отыру керек. Өйткені ол әлдеқандай қиындықтарға кездеседі де, бастаған кәсібін орта жолда тастап кетеді. Мұндай жағдайды болдырмау үшін 5 жылдың нәтижесі бойынша мониторинг жасау қажет. Бес жылда қанша адам грант алды, олардың қазіргі жағдайы қалай, қаншасы жұмыс істеп жатыр, маған соның толық сараптамасын беріңіздер. Грант алып, жұмыссыз қала берсе, оның қандай пайдасы бар, үкіметтің қаржысын қашанғы тарата береміз? Биыл 2,5 пайызбен грант алатын 35 жасқа дейінгі 250 адамның тек 25-інің құжаты дайын дейсіз. Күні ертең сәуір де аяқталады. Сонда грантты  жыл соңында таратайын деп отырсыңдар ма, сол 25 адам алу керек болса, оларға әлі берілмеген. «Аграрлық несие корпорациясы» облыстық филиалы акционерлік қоғамының директоры және комиссиямен бірге ауылдарға шығыңыздар,  жұртшылыққа, соның ішінде жастарға  мемлекет тарапынан берілетін гранттың мән-жайын түсіндіріп, тұрғындар арасында кеңінен ақпараттық жұмыстар жүргізіңіздер. Грантты тұрғындарға  дұрыс әрі әділ бөліңіздер. Бұл жұмыстың аудан әкімдеріне де тікелей қатысы бар, тезірек қолға алып, биыл мамырдың 15-іне дейін бітіріңіздер, – деді  облыс  әкімі.

Нұрымбек  Жапақов,

«Орал  өңірі»

10 апреля 2023
Объявление
08 апреля 2023
Нариман Төреғалиев Орал қаласы жылу элект орталығының қайта құру жұмыстарын тексерді



Облыс әкіміне ЖЭО сумен жабдықтауды қайта жаңарту жобасы аясында салқындатқыш мұнараның ауыстыру жұмыстары таныстырылды. Бүгінгі күні салқындатқыш мұнараның жабдықтары толықтай жеткізіліп, құрастыру жұмыстары жүргізілуде. Пайдалануға беру шамамен 2023 жылдың сәуір айының соңы мен мамыр айының басында деп жоспарлануда.

Нысанда турбоагрегатты ауыстыру жұмыстары да белсенді жүргізілуде. Бүгінгі күні "Калуга турбиналық зауыты" АҚ-дан генератор, басқару шкафы, редуктор сынды қажетті құрал-жабдықтар сатып алынып, турбоагрегатты бөлшектеу, іргетасын құю, компенсаторды монтаждау бойынша жұмыстар орындалды. Сонымен қатар, №6 циркуляциялық сорғыны қалпына келтіру, еден төсеу, СП-1 іргетасына кірпіш қалау, бағандар мен арқалықтарды монтаждау, сондай-ақ Бу турбинасын баптау және кондесатормен қосу жұмыстары жүргізілуде. Пайдалануға беру шамамен 2023 жылғы қарашасына жоспарлануда.

“Жайықжылуқуат” АҚ басшылығының атқарған жұмыстары туралы есепті тыңдаған облыс әкімі Нариман Төреғалиев кәсіпорын алдына бірқатар маңызды міндеттер қойды.

Естеріңізге сала кетейік, "Жайықжылуқуат" АҚ кәсіпорны жылу энергиясын берумен, таратумен және жеткізумен ғана емес, сонымен қатар электр энергиясын өндірумен де айналысады.

Социальные сети
Youtube.com
Twitter.com
Facebook.com
Instagram.com
Меню подвал
Экран дикторы
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Мемлекеттік рәміздері
ҚР Премьер-Министрінің сайты
ҚР Президентінің сайты
Терминдер мен қысқартулар
Тұрақты даму мақсаттары
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы