Бүгін БҚО аумақтық сайлау комиссиясының отырысында ағымдағы жылдың 2 наурызында өткен ауылдық және кенттік әкімдер сайлауларын әзірлеу мен өткізудің қорытындылары тыңдалды. Онлайн форматта өткен отырыста Бәйтерек, Жәнібек, Казталов, Тасқала, Шыңғырлау аудандары және Орал қаласы аумақтық сайлау комиссияларының төрағаларының маңызды шараны өткізу барысы туралы хабарламалары тыңдалды.
Сайлауда 7 аумақтық сайлау комиссияларымен бірге құрамында 172 мүшесі бар 26 учаскелік сайлау комиссиялары жұмыс істеген болатын. Әрбір округтегі комиссиялардың жұмысы, олардың сайлауларды ұйымдастыру мен өткізу жайы жеке - жеке сараланды. Соның ішінде сайлаушылар тізімін нақтылауға, сайлаушыларға дауыс беру күні мен уақыты туралы хабарлауға, электоралдық оқытуға, дауыс беру күнгі тараптармен іс-қимылды жетілдіруге ерекше мән берілді. Мүгедектігі шектеулі азаматтардың сайлау құқықтарын іске асыру барысындағы тиісті мекеме - ұйымдармен жұмыстың тиімділігі де таразы басына тартылды. Учаскелердің дайындығына ынталы қоғамдық ұйымдармен бірге дауыс беру күніне дейін мониторинг жүргізудің қажеттілігі айтылды. Бөрлі ауданы Ақсай қаласы әкімі сайлауының қорытындылары облыстық аумақтық сайлау комиссиясының көшпелі мәжілісінде арнайы қаралатын болып шешілді.
Алқалы мәжілісті қорытындылаған БҚО аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әділ Жоламанов ауылдық округ әкімдерінің сайлауына азаматтардың ықыласы артқанын, сондықтан әрбір учаскелік комиссия мүшелерінің қоғам талаптарына толық жауап беру қажеттігін ескертті. «Біздің әрбір округке барып, тұрғындармен кездесуіміздің мақсаты – сайлау туралы заңнаманы түсіндіруден ғана тұрмайды. Комиссиялар өзінің өкілеттіліктерін аса алмайтыны түсінікті. Алайда, сайлау процесіне қатысушылармен жанды қарым-қатынас - талдау үшін таптырмайтын тақырып. Осы арқылы электоралдық науқанның түйткілдерін терең зерттеп, оны жетілдіруге ұсыныс беріп отыруларыңыз керек» деді облыстық комиссия төрағасы. Отырыстың қорытындысында аудандық және Орал қалалық аумақтық сайлау комиссияларына барлық бағыттар бойынша жұмысты ширату жөнінде хаттамалық тапсырмалар беріліп, оны орындау мерзімдері белгіленді.