2025 жылғы 2 наурызда Ақсай қаласы әкімінің сайлауы өтеді. Аудандық аумақтық және 14 учаскелік сайлау комиссиялары кеншілер қаласындағы маңызды науқанды ұйымдастыру және өткізу жұмыстарын қарқынды жүргізуде. Әсіресе, учаскелік сайлау комиссиялары мүшелерінің дағдыларын арттыруға мән берілуде. Басты талап - саяси шараның жоспарлы әрі заң аясында жүргізілуі. Ақсай қаласының учаскелік сайлау комиссиялары мүшелерін оқыту – семинарын ұйымдастыруды БҚО аумақтық сайлау комиссиясының басты назарда ұстап отыр.
Сондықтан оқыту барысы БҚО аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі Мағрипа Нигишева, Теректі ауданының аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Арсен Бисенғалиев және Бәйтерек ауданының аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Бикет Нигметовтың қатысуымен өткізілді.
Семинар Бөрлі ауданының аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Ерлан Қаржауовтың алғы сөзімен басталды. Оқыту күнінің бірінші жартысы теориялық бағытта жүргізілді. Нақты кейстерге құрылған слайдтар көрсетіліп, сұрақ - жауап, түсіндірме жұмыстары өткізілді. Басқосудың екінші жартысы іскерлік ойынмен жалғасты.
Дауыс беруді ұйымдастыру, дауыстарды санау, сайлау қорытындыларын есептеу, хаттамалар толтыру және т.б. дауыс беру күні туындайтын мәселелерді шешуге бағытталған «Дауыс беру күні» рөлдік ойыны ұйымдастырылды. Комиссия мүшелерінің мақсат – міндеттері, практикалық дағдылары пысықталды. Бұл шараға 2 наурызда сайлау өтетін Шыңғырлау ауданы, Ақшат ауылдық округінің №420 учаскелік сайлау комиссиясының мүшелері де қатысты.
Семинарға қатысушылар алған білімдерін бекітіп, нәтижесін анықтау үшін тиісті тесті тапсырды.