Тілдерді дамыту. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 16 қазандағы №914 қаулысымен бекітілген «Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын» іске асыру мақсатында жоспарлы жұмыстар жүргізілуде.
Мемлекеттік тіл саясатын іске асыру нәтижесінде қазақ тілінің ұлттық, мемлекеттік және этносаралық коммуникация тілі ретінде толыққанды қолданылуын қамтамасыз ететін іс-шаралар жүйесі жүзеге асырылып келеді.
«Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын» іске асыру мақсатында облыс тұрғындарына мемлекеттік және ағылшын тілдерін тегін оқыту курстары ұйымдастырылып келеді.
2025 жылы мемлекеттік және ағылшын тілдерін оқыту курстарына 1410 тыңдаушы қамтылуда. Басқарма жанынан құрылған «Сөйлеtime» клубының мүшелері мемлекеттік тілді оқыту курсы мұғалімдерімен бірге әлеуметтік нысандарға барып, мемлекеттік тілде қызмет алу бойынша қарапайым диалог құруды көздейді.
Батыс Қазақстан облысы бойынша тілдік ахуалды анықтау мақсатында 2024 жылдың қазан-қараша айлары аралығында әлеуметтік зерттеу жүргізілді. Әлеуметтік зерттеу қорытындысы бойынша 2024 жылы мемлекеттік тілді меңгерген тұрғындардың үлесі 86% құрады.
2025 жылдың сәуір айында «Казтест» сынағынан 600 мемлекеттік қызметшілер мен мемлекеттік қызмет көрсететін ұйымдардағы қызметкерлер тестілеуден өтті. Тестілеу нәтижесінде мемлекеттік тілді ортадан жоғары деңгейде меңгерген мемлекеттік қызметшілер – 45%, орта деңгейді меңгерген мемлекеттік қызмет көрсететін ұйымдардағы қызметкерлер – 41% құрап отыр.
Өзге этнос өкілдері болып табылатын мемлекеттік тілді жетік меңгерген техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері «Мемлекеттік тіл – тәуелсіздік символы» байқауы, этно-мәдени бірлестіктер арасында «Достығы шалқыған шаңырақ» байқауы және «Мен қазақша сөйлеймін» акциясы ұйымдастырылды.
Қазақ тобында тәрбиеленетін бүлдіршіндердің қазақ тілінде өлең оқу, санамақ айту, суреттерге қарап әңгіме құрастыру арқылы тілдерін дамыту, ынталандыру, талантты балдырғандарды анықтау мақсатында «Бала тілі – бал» облыстық байқауы ұйымдастырылса, орыс тілін меңгерген қазақ жастарын анықтау және қолдау, тіл мәдениетін көтеру мақсатында «Ой-сана» орыс тіл білгірлерінің облыстық байқауы өтті. Шараға техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері қатысты.
Қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген жас мамандарды анықтау, тіл мәдениетін көтеру, ынталандыру мақсатында «Тіл шебері-2025» байқауы, мемлекеттік тіл саясатын насихаттау, мемлекеттік тілде сөйлеу мәнері мен шеберліктерін шыңдау, қызметте мемлекеттік тілді қолдануға және мәдениетті сөйлеуге ынтасын арттыру мақсатында мемлекеттік қызметшілер арасында «Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте» байқауы өткізілді.
2025 жылы іс жүргізушілердің біліктілігін арттыру мақсатында «Мемлекеттік тіл – кеңсе тілі» атты 5 күндік шеберлік сағаты өткізілді. Шеберлік сағатқа денсаулық сақтау басқармасына бағынысты мекемелерінің және жеке кәсіпкерліктердің іс жүргізушілері, кадр қызметкерлері қатысты.
Мемлекеттік тілді үйрету мен оқытудың, қазақ тілін білу деңгейін анықтау мен бағалаудың тиімді әдістемесін қалыптастыру мен қолдану барысындағы іс-тәжірибе алмасу, озық әдістемені насихаттау, қазақ тілі мамандары мен оқытушыларға өздерінің күнделікті жұмыстарына қажетті ақпарат пен практикалық көмек беру, мамандардың кәсіби біліктілігін жетілдіру, ұлттық рухани құндылықтарды бағалай білуге баулу мақсатында «Тәжірибе алаңы: тіл, әдістеме, нәтиже» кешенді семинарлар топтамасы ұйыдастырылуда.
Облыстық «Орал өңірі» газетінің «Тіл тұғыр» айдарында лингвист мамандарының, филолог ғалымдардың және тіл туралы өзекті мәселелері жұртшылық назарына ұсынылуда.
«Aqjaiyq» телеарнасының «Тіл – ұлт руханиятының өзегі», «Мәртебелі тіл», «Язык – душа народа» айдарлары арқылы мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту бағытында ақпараттық-танымдық бағдарламалар жарық көруде. Атап айтқанда «Қазіргі заманауи цифрлық технологиялардағы мемлекеттік тілдің рөлі», «Сауатты жарнама – тіл тазалығының көрінісі» көрнекі ақпарат саласындағы тіл заңнамасын жетілдіру мақсатында нормативтік-құқықтық актілерге енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы», «Ересек азаматтарға қазақ тілін оқыту әдіснамасы», «Мемлекеттік тіл іс жүргізуде» тақырыбында телебағдарламалар жарық көрді.
Жыл басынан бері 1000-ға жуық мекемеге әдістемелік көмек көрсетілді, жасалған ескертулерден кейін деректемелер мен көрнекі ақпараттарда жіберілген кемшіліктер жойылып, заң талаптарына сәйкес түзетілді.
Тіл саясатының, тіл саласының маңызды бағыттарының бірі – ұлттық ономастика. Батыс Қазақстан облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы облысымыздың ономастикалық ахуалын біріздендіру мақсатында жүйелі жұмыс жүргізуде.
Батыс Қазақстан облысында егемендікке қол жеткізген 1991 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін облыс бойынша идеологиялық тұрғыдан ескірген немесе кеңестік сипаттағы атаулар бойынша 5 ауданның, 109 елді мекеннің, 1854 көшенің атаулары өзгертілді.
Сондай-ақ, «Ономастикалық бірліктерді автоматтандыру 3D картасы «TORUS MAPS» порталының жұмысы жүзеге асырылуда.
Облыс аумағындағы әкімшілік-аумақтық бірліктер (елді мекендер) және олардың құрамдас бөліктерінің (көшелер) атаулары туралы мәліметтер қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде берілген. Ономастикалық комиссияның қорытындысы негізінде өзгертілген елді мекен және көше атауларына қатысты деректер жаңартылып отырады.