Қазіргі таңда қоғам алдында тұрған өзекті мәселелердің бірі – сыбайлас жемқорлық. Бұл – мемлекет пен қоғамның тұрақтылығына қауіп төндіретін, әлеуметтік-экономикалық дамуына қауіп төндіретін фактор. Осы орайда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес еліміздің стратегиялық дамуының негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтті. «Өкінішке қарай, сыбайлас жемқорлық әлі де біздің қоғамның ауыр дерті болып отыр. Сыбайлас жемқорлық мемлекеттердің көпшілігінде бар. Қазақстан да одан сырт қалған жоқ. Онымен қалай күресіп жатыр немесе қалай әшкерелеп отыр – ол басқа мәселе», - деді мемлекет басшысы.
Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес, сыбайлас жемқорлық қылмыстарға негізінен лауазымды қылмыстар жатады. Өмір көрсеткендей, қызмет өкілеттігін теріс пайдалану, билікті не қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану, пара алу, пара беру, парақорлыққа делдал болу, қызметтік жалғандық жасау, көрінеу жалған сөз жеткізу, сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін иеленіп алу немесе ысырап ету, көрінеу жалған жауап беру, сарапшы тараптан жалған қорытынды шығару т.б. атауға болады.
Батыс Қазақстан облысында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша бірқатар жұмыстар қолға алынды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің тиімділігін арттыру мақсатында Мемлекет басшысымен бекітілген ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында тиісті жұмыстар жүргізілуде. Облыс әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі аймақтық комиссия жұмысы жоспарлы, тұрақты негізде жүргізілуде. Комиссия құрамында құқық қорғау, тексеру құрылымдары, үкіметтік емес ұйымдарының мүшелері бар. Өткен жылы өткізілген комиссияның 4 отырысында 13 мәселе талқыланды.
Өңірімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте барлық мемлекеттік органдар үшін орындалуы міндетті №4 үлгілік базалық бағыт - «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл» жобасы оң серпін беруде.
Нәтижесінде облыс көлемінде сыбайлас жемқорлыққа қатысты атқарылған жүйелі жұмыстар өз жемісін беріп, жылдан жылға сыбайлас жемқорлық көрсеткіштері азайып келеді.
Атап айтқанда мемлекеттік мекемелерде көрсетілетін қызметтердің 97,8%-ы электрондық түрде көрсетіледі, бұл қызмет алушының қызмет берушімен байланысын қысқартып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмауға әсерін тигізуде. Сонымен қатар, өңірдегі сыбайлас жемқорлықа қарсы күрес жұмыстарын одан әрі жетілдіру мақсатында барлық мемлекеттік қызметшілер арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру үшін Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару Академиясының филиалынан жыл сайын мемлекеттік қызметшілер біліктілік арттыру курстарынан өтеді. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізу жүйеге қойылды.
Осы орайда, ең бастысы сыбайлас жемқорлық бойынша тіркелген қылмыстық іс 2023 жылмен салыстырғанда өткен жылы 64,5 пайызға азайғаны – жүйелі жүргізілген жұмыстардық нәтижесі деп білемін.
Дегенмен, жемқорлықтың жолын кесу бойынша жұмыстар әлі де жалғаса береді. Өйткені қоғамда сыбайлас жемқорлыққа орын жоқ. Қоғамның барлық күш-жігерін біріктіріп, осы дерттің одан әрі ушықпауы үшін оны тоқтатудың барлық амалдарын қолдану арқылы ғана бұл құбылысқа тиімді түрде қарсы тұруға болады. Сондықтан сыбайлас жемқорлықпен күресу – барлық Қазақстан Республикасы азаматтарының азаматтық борышы деп білген жөн.
Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев