Аудан әкімдерінің орынбасарлары мен аудандық жер қатынастары бөлімдері үшін өткізілген семинар туралы

Аудан әкімдерінің орынбасарлары мен аудандық жер қатынастары бөлімдері үшін өткізілген семинар туралы

2025 жылғы 16 мамырда облыстық жер қатынастары басқармасының ұйымдастыруымен аудан әкімдерінің жер мәселелеріне жетекшілік ететін орынбасарлары мен аудандық жер қатынастары саласының мамандарына арналған облыстық семинар-кеңес өтті.

Семинар-кеңесті облыс әкімінің орынбасары Қ. Айтмұхамбетов ашып, өз сөзінде:

«Жер қатынастары – күрделі әрі маңызды салалардың бірі. Сіздер бұл бағыттағы бағдарламалар, жол карталары мен тапсырмалармен жақсы таныссыздар. Сондықтан алдымен атқарылуы тиіс іс-шараларға ерекше назар аудару қажет деп есептеймін. Қазіргі уақытта басты назарда:

пайдаланылмай жатқан жерлерді анықтау және мемлекет меншігіне қайтару;

суармалы жерлердің көлемін ұлғайту;

жайылымдық жерлер тапшылығын азайту міндеттері тұр.

Биыл облыс бойынша 120 мың га жерді қайтару жоспары бекітілді.

Соңғы үш жылда облысқа белгіленген жоспарлар 100 пайызға орындалды, бұл – сіздердің тікелей атсалысуларыңыздың нәтижесі. Осы еңбектеріңіз үшін алғысымызды білдіреміз», – деді.

Семинар барысында жергілікті атқарушы органдардың жер мәселелеріне байланысты қабылдаған құқықтық актілерінің соттарда қаралу тәжірибелері кеңінен талқыланды.

Облыстық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы Е. Усманов жер дауларын сот тәртібімен қарау, әкімдіктер тарапынан орын алатын заңбұзушылықтар және оларды алдын алу бағытындағы сот тәжірибелерімен бөлісті.

Сондай-ақ, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің өкілі Д. Зинолла және Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департамент басқарма басшысы Б. Ибрашев аудандық жер қатынастары бөлімдерінің мамандарына сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, оны болдырмау, сыртқы талдау қорытындылары және мемлекеттік қызметтердің заңнама талаптарына сәйкес көрсетілуі туралы ақпараттар ұсынды.

Облыс әкімдігі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі А. Хайруллина мемлекеттік қызмет саласындағы әдеп пен заңдылық және мемлекеттік қызметке қатысты заңнамадағы соңғы өзгерістер жөнінде баяндама жасады.

Семинардың екінші бөлімінде жер қатынастары саласына қатысты барлық мүдделі мекемелердің қатысуымен өзара тәжірибе алмасу, жаңа ақпараттармен бөлісу, сондай-ақ сұрақ-жауап форматындағы пікірталас ұйымдастырылды.

Сондай-ақ, жұмыс барысында туындайтын өзекті мәселелерді тәжірибелік тұрғыдан талқылап, кейбір заңнамаларға ұсыныстар енгізу туралы шешімдер қабылданды.

Семинар барысында өз тәжірибелерімен бөлісіп, аудандық жер қатынастары бөлімдерінің мамандарына пайдалы ақпараттар ұсынған барлық спикерлер мен мемлекеттік органдар өкілдеріне алғысымызды білдіреміз.