БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНА ЖҰМЫС САПАРЫМЕН РОМАН СКЛЯР КЕЛДІ

БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНА ЖҰМЫС САПАРЫМЕН РОМАН СКЛЯР КЕЛДІ

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Роман Скляр жұмыс сапарымен Батыс Қазақстан облысына барды.

Сапар барысында Р. Скляр БҚО әкімі Ғали Есқалиевпен бірге ағымдағы жылдың мамыр айында жеке басқарушы компаниядан коммуналдық меншікке берілген «Батыс Қазақстан АЭК» АҚ жұмысымен танысты.

Вице-премьер сондай-ақ Орал қаласының солтүстік-шығыс бөлігіндегі 9 қабатты көппәтерлі тұрғын үй құрылысының аумағын аралап, «Болашақ Т» ЖШС үй құрылысы комбинатының жұмысын тексеріп, онда білім беру мекемелерінің құрылысына жұмсалатын шығындарды қысқартуға мүмкіндік беретін шағын жинақталған мектептердің Үлгілік жобасымен танысты.

Жұмыс сапары аясында үкіметтік делегация инспекциялық-тексеру кешенін жаңғырту және орнату туралы шешім қабылданған Самара-Шымкент республикалық маңызы бар автожолының учаскесіндегі «Сырым» өткізу пунктінің жұмысымен танысты. Айта кету керек, инспекциялық-тексеру кешені автомобильдердегі жүктерді сканерлеуді жылдамдатуға мүмкіндік береді.

Сапар қорытындысы бойынша Роман Скляр өңір халқы үшін жүргізіліп жатқан жұмыстардың маңыздылығын атап өтіп, облыс басшылығына олардың орындалуын бақылауды қамтамасыз етуді тапсырды.