"Орал өңірі" газетінде "Мал өрісі өзекті өртеп тұр" атты мақала жарияланды

"Орал өңірі" газетінде "Мал өрісі өзекті өртеп тұр" атты мақала жарияланды

"Орал өңірі" газетінің 2021 жылғы 4 мамырдағы №36 санында Батыс Қазақстан облысының жер қатынастары басқармасының "Мал өрісі өзекті өртеп тұр" атты мақаласы жарияланды.

Мал шаруашылығын дамытуда жайылымдық жерлерді қолданысқа енгізудің маңызы зор. Бұл, әсіресе малмен нәпақасын тауып отырған тұрғындардың, мал шаруашылығы арқылы елдің әлеуметтік-экономикасының дамуына үлес қосып жүргендердің игілігі үшін қажет. Облыстық жер қатынастары басқармасының мәліметінше, өңірдегі жайылымдық жерлердің аумағы – 10 млн. 161 мың гектар. Оның ішінде ауыл шаруашылығы өндірушілеріне берілгені – 5710 га, елді мекен шегінде – 2164,8 га, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен орман қоры жерлерінде – 18,5 га, су қоры жерлерінде – 7,4 га, босалқы жерлерінде – 2260,6 га.

Үш деңгейлі жайылым

Елімізде жайылымды ұтымды пайдалануға, зерттеу іс-шараларын мақсатты жүргізуге мүмкіндік беретін «Жайылымдар туралы» заң  2017 жылы қабылданған еді. Бұл құжат жайылым мәселесін реттеуді көздейді.

Аталмыш заңда үш деңгейлі жайылымдар қарастырылған. Мәселен, аридтік деп аталатын түріне сиретілген жартылай бұталы, сирек шөптесін өсімдіктері бар шөлді және шөлейтті аумақтарда орналасқан жайылымдар жатады. Ондай жерлер Жаңақала, Бөкей ордасы, Қаратөбе аудандарында бар. Ал екпе жайылымдар  Орал қаласы мен барлық аудан аумағында орналасқан. Ол – агротехникалық іс-шаралардың ғылыми негізделген жүйесі  қарастырылған өнімділігі жоғары жем-шөп дақылдары бар жайылымдар. Түбегейлі  жақсартылған жайылымдар өңірімізде Қаратөбе, Сырым, Бәйтерек, Жаңақала, Казталов, Тасқала, Шыңғырлау аудандарында және Орал қаласында пайдаланылады. Онда көпжылдық шөптердің және аридтік өсімдіктердің (дақылдардың) шығымдылығы жоғары сорттарын егу жүргізіледі.

Бұл жайылымдардың жалпы алаңы жүктемесінің шекті рұқсат етілетін нормасы бекітілген. Мысалы, Бәйтерек ауданының табиғи аймағы далалы болса, экологиялық-географиялық ауданы (кіші аймақтар) – орташа құрғақ  дала, жайылым типі (басымы)  көделі, бетегелі, жусанды болып келеді. Бұл аудандағы ауыл шаруашылығы жануарларының бір басына арналған жайылым нормасы: ірі қара малға – 8,5 гектар, қой мен ешкіге – 1,7 гектар, жылқыға – 10,2 гектар, түйеге 11,9 гектар бекітілген.

– Мамандардың айтуынша, негізі мал жайылымға көпжылдық өсімдіктер көктегеннен кейін 14-17 күн өткесін ғана шығарылуы керек. Осы кезде өсімдіктер түптеліп, бұтақтану-шашақтану кезеңдеріне өтеді. Яғни жайылымдағы өсімдіктер пісіп, сабақтарының биіктігі 14-16 см жетеді. Жайылымдық көпжылдық шөптердің басым көпшілігі (боз, бетеге, жатаған бидайық, қылтықсыз арпабас және т. б.) қыстық топқа жатады. Сол себепті олар қыс мезгілінде түбінде сақталған қысқа өркендері арқылы көктемде қарқынды өседі. Бұлар жаңадан шыққан өркендерге қарағанда тез өседі және өнімнің негізін құрайды. Сол себепті қара күзде мал бағуды суық түсерден 20 күндей бұрын тоқтату керек. Осы кезеңде жайылым өсімдіктері түбіне қоректік заттар жинап үлгереді де жақсы қыстап шығады. Айта кету керек, жайылымда мал бағу ұзақтығы негізінен ондағы өсімдіктер түріне, шығымдылығы мен өсуіне байланысты көрінеді.

Төрт түлікке жіті мән берген ата-бабаларымыз жайылымды әр жыл мезігіліне сай пайдаланғаны белгілі. Бұл жөнінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, экономика ғылымдарының кандидаты Жексенбай Дүйсебаев «Егемен Қазақстан» газетіне жариялаған мақаласында былай деген екен: «Мәселен, көктемгі жайылымның нақты бір аумағында дәрумендік шөптер, дала гүлдері гүлдеген кезде ғана шыққан. Осы жерге малды 10 күнге ғана жайған. Қазіргі уақыттағыдай, жаздай бір жерді тап-тап мал қайырмаған, керісінше, ауыспалы жер технологиясын малдың ыңғайы үшін пайдаланған. Жаз айларында малды жусанды жерге бақпаған. Ол кезде жусанның гүлдейтін мезгілі, мал еркін жайылмайды, сондықтан оны мал таптамасын деп қыс басталғанға дейін сақтаған. Есесіне, қыстың бас кезінде жусанды жайылымды малдың иммунитетін көтеру үшін қолданған. Тек қараша айында, бірінші ақ ұлпа қар түскен кезде ғана малды осындай жусаны бар жерге баққан. Осыған байланысты ақ-қара жусанда бағылған төрт түлік қыстай ауруларға шалдықпай, күйі таймаған. Қысқасы, жыл-он екі айды малдың жайылымына қарай бөлген. Нәтижесінде мал басы көбейіп, табиғаттың тепе-теңдігі сақталған».

Жайылымға қатысты «жанайқай»

Қазір Орал қаласы және Бәйтерек, Теректі аудандарының ауылдық округтерінде тұрғындардың жеке малын жаю үшін жайылымдық алқаптар жетіспеушілігі байқалады. Мамандардың айтуынша, бұл мәселені шешудің бір жолы жергілікті атқарушы құрылымдар ҚР Жер кодексінің 84-бабы 2-тармағының 4-1-тармақшасын басшылыққа алуы. Соған сәйкес тұрғындардың жеке ауласындағы малын жаю үшін, яғни олардың жайылымдық алқаптарға мұқтажын қанағаттандыру мақсатында бос жатқан жерлерді меншік иелерінен немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушылардан мемлекеттік мұқтажы үшін иеліктен шығарады. Сонымен бірге ауданның босалқы жер қорынан қолайлы жер учаскелерін айқындап бөліп, жайылымдық инфрақұрылым нысандарымен қамтамасыз етеді. Шалғайдағы жайылымдарда ауыл шаруашылығы жануарларын жаюды ұйымдастырады.

Мамандардың сөзінше, құзырлы құрылымдар тарапынан ҚР Парламенті Сенатының аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетіне елді мекендердің маңындағы жайылымдарды негізінен жергілікті халықтың мал жаюы үшін пайдалану жөніндегі заңнаманы жетілдіру жөнінде ұсыныстар жолданды. Онда, біріншіден, елді мекендердің маңындағы жайылымдарға алдымен жергілікті халықтың малын жаю қарастырылу керектігі айтылған. Яғни жер саласындағы заңнамалық актілеріне елді мекеннің жайылымдық алқаптарын 5-7 шақырым радиуста агроқұрылымдарға пайдалануға беруді шектеп қою жөнінде түзетулер енгізу ұсынылды. Екіншіден, «Жеке қосалқы шаруашылықтар» туралы заң қабылдап, оларға мал санын 50 шартты мал басына дейін шектеуді енгізу жөнінде баяндалды. Үшіншіден, ҚР Жер кодексіне (92-бап) ауыл шаруашылығы жануарлары жайылымдарының жалпы алаңына түсетін жүктеменің шекті рұқсат етілетін нормасын 20%-дан 50%-ға дейін көтеру бөлігінде өзгерістер енгізу ұсынылды. Сонымен бірге жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспарды әзірлеу жөнінде бекітілген типтік әдістемесін дайындаудың маңызы да ескерілген.

Подстепный ауылдық округі әкімінің орынбасары Сағадат Жолдығалиев округте жайылым жерлердің жетіспейтінін айтады. Мәселен, Юбилейный ауылының маңындағы жекенің малы жайылатын жер көлемі тар. Олар бұл тығырықтан ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерін (АӨК) құру арқылы шығуды көздеп отыр. Ауылда «Бірлік-Теректі» АӨК құрылған. Енді уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығын беретін конкурс арқылы жерге қол жеткізбекші. Яғни АӨК заңды тұлға саналатындықтан, жер соның атына рәсімделеді. Ал Подстепный ауылында бұрын құрылған АӨК құрамына сүтті бағытта мал ұстайтын азаматтарды тарту жоспарланып отыр. Барбастау ауылында да кооператив құру бағытында түсінік жұмысы жүруде. Осылайша ортақ іске жұмылу арқылы мал жайылымының көлемін арттыратын мүмкіндікті пайдаланбақшы.

– Жайылым жетіспеушілігі республиканың әр өңірінде бар мәселе. Сондықтан бұл жан-жақты ойластырылып шешілетін түйткіл деп санаймын. Қазір ауыл шаруашылығы кооперативін құру, жандандыру, жер рәсімдеу аудан әкімі мен орынбасарының жіті бақылауында тұр, – дейді Сағадат Өмірғалиұлы.

Ал Бәйтерек аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлім басшысы Лауаз Уәлиевтің айтуынша, ауданда тұрғындардың малы үшін 20 мың гектарға жуық жайылым тапшы. Аудан негізінен өсімдік шаруашылығымен айналысатындықтан, даланың көпшілігі егістік алқап. Жайылыммен қамту жұмысы күн тәртібінде тұр. Жер бергенде, ең алдымен, халықты мал жаятын жайылыммен қамтуды ерекше назарға алған.  Мәселен, Махамбет, Янайкин ауылдарында бұл жұмыс ширақ жүруде. Январцев, Шаған, Шалғай ауылдық округтерінде пайдаланылмай жатқандықтан, қайтарып алынған жерлер арқылы жекенің малы жайылатын жер ұлғайтылған. Сонымен бірге ауданда елді мекендердің шекарасын кеңейтіп, бос жатқан, тиімді пайдаланылмай тұрған жерлерді ел игілігіне жарату бағытында іс-шаралар жүргізілуде.

299 мың гектар жайылым пайдаланылмай жатыр

Ауылдық округтерде жерінің табиғи-климаттық ерекшеліктеріне, қалыптасқан мал жаю дәстүріне қарай жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспар жасалады. Облыс бойынша 2019-2020 жылдарға арналған аталмыш жоспарлардың қолданыс мерзімі аяқталған. Осыған байланысты Ақжайық, Казталов, Тасқала, Теректі аудандарының 2021-2022 жылдарға арналған бұл бағыттағы құжаттары дайын. Ал Орал қаласы мен қалған аудандардың жоспары әлі жасақталуда. Бұл жоспар жайылымдарды ұтымды пайдалану, олардың тозуын болдырмау мақсатында қабылданады. Кенттердің және ауылдық елді мекендердің аумағы шегінде орналасқан мемлекет меншігіндегі жайылымдар жергілікті халықтың ауыл шаруашылығы жануарларының аналық (сауын) мал басын жаю үшін беріледі.

Облыстық жер қатынастары басқармасы мәлім еткендей, өңірде 2019-2021 жылдар аралығында 1 154,6 мың га пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер анықталған. Оның ішінде жайылымдар – 848 мың гектар. Жергілікті атқарушы құрылымдар пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару мақсатында түсіндіру жүргізген. Нәтижесінде 149,4 мың га (13%) жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылған болса, оның 92 мың гектары – жайылымдар. Ал көлемі 573,7 мың га немесе 50% құрайтын жер учаскелерінің пайдаланушылары жерлерін мақсатына сай игере бастаған. Олардың 457 мың гектары жайылым болып отыр. Қазір пайдаланылмай жатқан 431,5 мың га (37%) жер көлемі бар. Оның ішінде жайылымдар – 299 мың гектар. Бөрлі аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Алтынбек Бексейітовтің мәліметінше, аудандағы ауыл шаруашылығы жерлерінің электрондық картасын түзу жұмысы  жүргізілуде.

– 2019 жылы аудандағы жер пайдалану тәртібін қадағалау функциясы аудандық ауыл шаруашылығы бөліміне жүктелді. Күні бүгінге дейін Бөрлі аудандық прокуратурасының ұсынбасы негізінде барлығы 40 шаруашылық құрылымына тексеріс ашылып, оның ішінде 12 шаруашылық құрылымында бұзушылықтар анықталған жоқ. Ал 28 шаруашылық құрылымына 1 жылға нұсқама беріліп, хаттама толтырылды. Қазір осы 28 шаруашылықтың 13-і ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерін игеруге кірісті (барлығы 23839 га). Ал 11 шаруашылық құрылымы 12673 га жерді мемлекет меншігіне өз еріктерімен қайтарды. Қалған 5 шаруашылыққа түсіндірме жұмыстары үнемі жүргізіліп келеді. Былтыр мемлекет меншігіне қайтарылған ауыл шаруашылығы жерлерінің көлемі – 8 173 га. Биыл осы мақсаттағы 4 500 га жер мемлекет меншігіне қайтарылды, – дейді бөлім басшысы.

Геоботаникалық зерттеу және космомониторинг

1980-1984 жылдар аралығында облыстағы жайылымдық жерлерге геоботаникалық зерттеу жүргізілген. Отыз жылдан астам уақыттан кейін былтыр жайылым жерлерге дәл осындай зерттеу жүргізілген екен. Зерттеумен Шыңғырлау, Теректі, Тасқала, Сырым, Бөрлі және Бәйтерек аудандарындағы жайылымдық жерлер қамтылған. Зерттеу нәтижесін аудандық жер қатынастары бөлімдеріне жолдаған. Геоботаникалық зерттеу табиғи мал азығына жарайтын алқаптардың өсімдік жабынының құрылымын, олардың түрлері мен өнімділігін, азықтық қорын анықтайды. Дәрілік, сирек кездесетін және жойылып бара жатқан өсімдіктерді де зерттейді.

Тағы бір айта кетерлік жайт, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығына сәйкес, өткен жылы бірқатар облыста жерді космомониторингтеу бойынша пилоттық жоба енгізілген еді. Жоба Ақмола, Қостанай, Шығыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында сәтті жүзеге асқан. Биылғы жыл басынан бастап барлық өңірде космомониторинг енгізу туралы шешім қабылданды.

Енді жайылымдық жерлерге космомониторинг жүргізу дегеніміз не екеніне тоқталсақ. Ол мемлекеттік жер кадастрының аутоматтандырылған ақпараттық жүйесінің және ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру жүйесінің дерекқорын интеграциялау арқылы жүзеге асырылады. Деректер жайылымдық жерлердің жүктемесінің бекітілген нормативтеріне сәйкес аутоматты түрде салыстырылады. Алынған ақпарат негізінде өңірлердің электрондық картасы тиісті түспен боялады. Жоғары жүктеме түскен жайылымдар – сары, рұқсат етілген жүктеме – жасыл, жүктеме аз болса – қызыл, ал жүктеме болмаған жағдайда қою қоңыр түстермен бейнеленеді. Жалпы, космомониторинг деректері ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдалану мониторингінің Qoldau.kz веб-порталында сақталады. Облыстық жер қатынастары басқармасы мен аудандық жер қатынастары бөлімдерінің тиісті мамандары ондағы деректерді пайдалану үшін рұқсат алған.

Ясипа Рабаева,

zhaikpress.kz