«100 сауда орны» аукционы

«100 сауда орны» аукционы

«Aqjaiyq» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ өңірдегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыруға бағытталған екі жобаны іске асырды.

Аталмыш акционерлік қоғам басшысының бірінші орынбасары Артур Досқалиевтің айтуынша, бірінші жоба – әлеуметтік дүкендер желісі. Мұнда «өндірушіден тұтынушыға» қағидаты негізге алынады. Әлеуметтік дүкендер желісі тұрғындарға азық-түлікті делдалсыз әрі өнімді сапалы жеткізу мақсатын көздейді. Оның үстіне ондай нүктелердегі өнімдер нарықтағыдан арзан бағаға сатылады. Кәсіпкерлерге ұсынылатын сауда орындарының аумағы бірдей. Қазіргі уақытта Орал қаласында 10 әлеуметтік дүкен дүңгіршегі ашылған. Жаңадан орнатылған бесеуі қожайындарға жалға берілмек. Қазіргі карантиндік шараларға байланысты әлеуметтік дүңгіршектер кәсіпкерлерге жеңілдікпен, жалдау ақысы айына 17 мың 500 теңгеден берілуде. Ал карантиндік шаралар аяқталған соң жалдау ақысы айына 35 мың теңгеден болмақ. Жылдың соңына дейін шаһарда тағы осындай 15 әлеуметтік дүкен іске қосылады. Сонда Оралдағы әлеуметтік сауда нүктесінің саны 30-ға жетеді.

Ал екіншісі, «100 сауда орны» жобасы кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған. Кәсіпкерлерге жер телімін бөлуді және рәсімдеуді оңайлатады. Көше саудасын ретке келтіреді. Бағдарлама Оралда және Ақсай қалаларында іске қосылған. Жоба бойынша дайын жер телімдері аукцион арқылы кәсіпкерлерге ұсынылады. Аукционға қатысу үшін қатысушы 85 мың теңге шамасында бастапқы жарна төлеуі тиіс. Жер телімінің саудасаттығы бағаны көтеру әдісімен өткізіледі. «Мұндай жер телімдері 7 жылға кәсіпкерге сенімгерлік басқаруға беріледі. Жер телімін жалға алған кәсіпкер ол жерден азық-түлік түрлерін сататын дүкен, кофехана және донер, шаурма, гүл сату, қызмет көрсету, ұялы телефондарды жөндеу және басқа да сауда нүктелерін ашуы керек. Жер телімін жалға алу құны жылына 340 мың теңгені құрайды», – деді А.Досқалиев.

Өткен жылы жер телімі аукциондары үш, биылдың өзінде төрт рет өткізілген. Оралда 14, Ақсай қаласынан 11 жер телімі кәсіпкерлерге сауда орнын ашуға ұсынылады. Барлық мән-жайды кәсіпкерлік корпорациясының сайтынан білуге болады.

Гүлбаршын Дыбысқалиқызы,

zhaikpress.kz