
Облыс әкімдігі жанынан өңірде мал қыстату науқанының өту барысын үйлестіру және бақылау мақсатында облыстық штаб құрылды. Осындай штабтар барлық аудандарда да жұмыс істеп, мәселені күнделікті бақылауға алып, тиісті шаралар қабылдап отыр.
Облыстық штаб төрағасы, облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетовтің тапсырмасына сәйкес, қазіргі уақытта штаб мүшелері аудандардағы ахуалмен танысып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Ағымдағы жылдың 22 қаңтарында штаб мүшесі, облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Нұржан Мақсотов Теректі және Бәйтерек аудандарына барып, бірнеше қыстақтарды аралады. Сапар барысында мал қыстауының өту жағдайы мен мал азығы қорының жеткіліктілігі тексерілді.
Теректі ауданында биылғы қыстауға 73 279 бас мал түскен. Оның ішінде 17,8 мың жылқы, 56,5 мың ірі қара және 68,36 мың қой-ешкі бар. Ауданда 100-ден астам қыстақ байланыс және электр желілерімен қамтамасыз етілген.
Бәйтерек ауданында 61 338 шартты бас мал қыстатылуда. Атап айтқанда, 7 957 жылқы, 55 602 ірі қара, 61 485 ұсақ мал, 11 түйе және 9 029 шошқа бар.
Екі ауданда да былтырғы жылдан қалған шөп қорын есепке алмағанда, қажетті мал азығы 100 пайыздан астам көлемде дайындалған.
Кездесулер барысында шаруа қожалықтарының иелері мен жеке тұрғындар биылғы қыста мал азығы жеткілікті екенін және қажет болған жағдайда басқа ауыл тұрғындарына көмектесуге дайын екендерін жеткізді.
Сонымен қатар, әр кездесуде мал иелеріне мал ұрлығының алдын алу, қауіпсіздік шараларын сақтау, сондай-ақ қолайсыз ауа райында жұмысшылардың алыс жолға шықпауы жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Аудандардағы мал қыстату науқанына қатысты штаб мүшелерінің бақылау жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатын болады.