БҚО-да мереке қарсаңында жаңа үй, жылыжай және спорт кешені пайдалануға берілді

БҚО-да мереке қарсаңында жаңа үй, жылыжай және спорт кешені пайдалануға берілді

Астана күні қарсаңында және Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай облыста үш нысанның құрылысы аяқталып, салтанатты жағдайда іске қосылды. Оның бірі - Орал қаласындағы Ружейников көшесіндегі №14 үйдің орнына салынған 90 пәтерлі үй. Облыс әкімі Ғали Есқалиев жиналған қауымды астанамыз Нұр-Сұлтан қаласының күнімен құттықтап, игі тілегін білдірді. «Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Нұрсұтан Әбішұлы Назарбаевтың көреген саясатының арқасында қазақтың байтақ даласында теңдесі жоқ шаһар бой көтерді. Соңғы 20 жылдың ішінде астанамызда халықтың саны бес есе көбейіп, миллионның үстіне шықты. Өңірлер елордаға қарап бой түзейді, дамиды. Соның бір көрінісіндей жаңа үйіміз мемлекеттік-жеке меншіктік әріптестік аясында салынды. Бұл үйдің құрылысын жүргізу үшін мемлекет тарапынан инфрақұрылым тартылды, 100 миллион теңгеден астам қаражат бөлінді. Осы жердегі апатты үйде тұрған 37 отбасы жаңа үйге көшуге мүмкіндік алды. Сапасы жақсы, бағасы да тиімді үй салған «Болашақ-Т» компаниясына алғыс айтамыз, - дей келе Ғали Есқалиев баспаналы болған отбасыларға құтты болсын айтып, «Шаңырақтарыңыздан баланың күлкісі, үлкендердің батасы кетпесін» деген ақ тілегін жеткізді. Облыс әкімінің қолынан пәтер кілтін алған Алтын алқалы ана, зейнеткер Мәстура Атаулина баспаналы болған тұрғындар атынан өңір, қала басшылығына және мердігер компанияға аналық алғысын білдірді. Қала әкімінің орынбасары Мирас Мүлкайдың айтуынша, облыс орталығында ресми апатты деп танылған 52 және қала аумағында 200-ге жуық тозығы жеткен тұрғын үй бар. Мемлекеттік-жеке меншіктік әріптестік негізінде бағдарлама басталғалы бері шаһардағы 19 көп қабатты тұрғын үй сүріліп, олардың орнына 8 көп қабатты баспана бой көтерді. Ружейников 14 мекенжайындағы ескі үйдің орнына 400 пәтерлік 4 тұрғын үй салынған. Абай даңғылы 246 мекенжайында тағы бір үй пайдалануға берілмек. Қаланың орталық бөлігінде бес үйдің құрылысы жүргізілуде. Алдағы жылы да осы бағдарлама бойынша тұрғын үй салу жалғасады. 2 Жарияланған күні 06 шілде 2021 Жаңалықтарға жазылу