
Орал қаласының көрікті жасыл аймағы – Жайық өзенінің жағалауында 5 маусым – Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні мен Экологтар күніне арналған салтанатты іс-шара өтті.
Шара барысында облыс әкімінің орынбасары Қ.Айтмұхамбетов сала қызметкерлері мен табиғат жанашырларын кәсіби мерекелерімен құттықтады. Өз сөзінде ол: «Ақжайық өңірі қоршаған орта саласындағы мемлекеттік ұйымдар мен табиғат пайдаланушы кәсіпорындардың кәсіби біліктілігі мен жауапкершілігінің нәтижесінде еліміздегі экологиялық ахуалы қолайлы, жасыл аймақтардың бірі болып табылады», – деп атап өтті. Сонымен қатар қоршаған ортаның тазалығын сақтау, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының маңыздылығына тоқталды.
Сондай-ақ еңбек ардагерлері, қоғам белсенділері, жастар және мемлекеттік қызметкерлер табиғатты қорғау саласына қосқан елеулі үлестері үшін Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің ведомстволық наградаларымен және облыс әкімі Н.Төреғалиевтің Алғыс хаттарымен марапатталды.
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясына белсенді қатысып жүрген облыс жастары мен экологиялық мәдениетті насихаттауға үлес қосып жүрген бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне ерекше құрмет көрсетілді.
Мерекелік шара соңында оқушылар мен жастардың қатысуымен «Эколог сағаты» ұйымдастырылып, қоршаған ортаны қорғау және табиғатты аялау тақырыптарында танымдық іс-шаралар өткізілді.