Коронавирус қамсыз жұртты қапы қалдырады

Коронавирус қамсыз жұртты қапы қалдырады

Коронавирус індетін алдын алу мәселесіне байланысты облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалығымен облыстық жедел штаб отырысы өтті. Облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Мұхамғали Арыспаев карантин шектеуі алынған соң қайта жұмысына кіріскен, коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау мақсатында бекітілген санитарлық талаптарды сақтамаған 373 нысанда құқық бұзушылық табылғанын айтты.

Бүгінге дейін 238 нысан бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, 12 миллион теңгеден астам айыппұл төленген. Қауіпті індет қайта күшейе бастағанына қарамастан, мониторинг топтары той өткізу, садақа жасау, қонақ шақыру тыйылмай отырғанын анықтауда. Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков қоғамдық көліктерге бақылау күшейгенін айтты. БҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы басшысының орынбасары Ернар Сұлтанғалиев «102» оператор желісіне жасырын өткізілетін той-томалақ, қонақтық жөнінде 24 хабарлама келіп түскенін айтты. Оның сегізіне қатысты ақпарат расталған. Барлық іс материалдары облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне жолданған. Қазіргі уақытта 7 іс материалы бойынша кінәлі тұрғындар әкімшілік айыппұлдар төлеген. Шұғыл хабарлама жіберген адамдар 20 мың теңгеден сыйақы алған.

– Мониторинг топтары заңбұзушылықтарды анықтауға үлгере алмауда. Сондықтан көпшілік қатысқан іс-шаралар жөнінде хабарлап, жедел штабқа көмектесетін адамдарды ынталандыруымыз керек. Коронавирустың таралу жолы сан алуан. Ауру белгілері бір-екі аптадан кейін белгілі болады. Бұл дерттен сақтап қалатын вакцина әлі ешбір елде дайын емес. Ас беру, жаназа өткізу, той жасау тыйылмаса, төтенше жағдайдағыдай қатаң шаралар қабылдауға тура келеді. Салт-дәстүр, жөн-жоралғы жолын бұлжытпай сақтау маңызды екенін түсінемін. Қуаныш пен қайғыны бөлісу жақсылықтың нышаны, бірақ жақын-жуық, дос-жаранды бір жерге жинап, адам өміріне қауіп төндіруге болмайды.

Кәсіпкерлік нысандарын қайтадан жабуға мәжбүр боламыз. Мониторинг топтары бақылауды күшейтсін. Алдағы уақытта санитарлық тыйымға қарамастан, қонақ қабылдайтын мейрамхана, кафе иелері туралы ақпараттарды жариялаймыз. Еуропа елдерінде карантин жеңілдеткенімен, қауіпті дертпен ауырғандар көбейіп жатыр. Ресей Федерациясынан Батыс Қазақстан облысына тәулігіне үш мыңға жуық адам өтеді. Олардың бірі транзиттік көлікпен жүрсе, бірі жеңіл автокөлікте болуы мүмкін. Жолаушылардың кіммен байланыста болатыны белгісіз. Адамдар топталып жиналатын жерден мейлінше қашық жүру керек. Соңғы апталарда коронавируспен сырқаттанғандар саны көбейіп келеді. Жазғытұрым қатерлі індет салдарынан көп отбасы қара жамылғанын ұмытпауымыз керек, – деді облыс әкімі Ғали Есқалиев.

Нұртай Текебаев,

zhaikpress.kz