Орал қаласында дәстүрге айналған “Жыл үздігі-2020” премиясының марапаттау рәсімі өтті

Орал қаласында дәстүрге айналған “Жыл үздігі-2020” премиясының марапаттау рәсімі өтті

“Жыл үздігі-2020” премиясы жыл сайын әр салада қызмет етіп жүрген жастардың арасында үздіктерді анықтауға бағытталған жылдың қорытынды шарасы ретінде өткізілетін айрықша жоба.

Биылғы жылғы “Жыл үздігі-2020” премиясының басты ерекшелігі ретінде Волонтер жылына байланысты тек волонтерлік бағыттар бойынша үздіктердің анықталуын айтуға болады. Облыс көлемінде волонтерлік қозғалыстың дамуына үлес қосып, қоғамдық-саяси өмірге белсене араласқан волонтерлар арасынынан 12 волонтерлік бағыт бойынша үздіктер анықталып марапатталды.

Шараға облыс әкімінің орынбасары Серік Рахметоллаұлы қатысып, волонтерлардың еңбектерін бағалап, жеңімпаздарды жетістіктерімен құттықтады. Мерекелік шараға өңірімізге белгілі азаматтар, жас өнерпаздар, қоғам белсенділері мен волонтерлар жиналды.

Байқауға 100-ден астам өтініш келіп түсті. Байқау комиссиясының шешімімен әр аталым бойынша 3 үздік үміткер іріктеліп, онлайн дауыс беру кезеңіне өткізілген болатын. Нәтижесінде онлайн дауыс берумен комиссия шешімі қорытындысын ескере отырып, жеңімпаздар таңдалды.

«Birgemiz: Bilim» бағыты бойынша үздік волонтер аталымына ауылдық елді мекендердегі оқушыларға білім деңгейін арттыруға бағытталған дайындық жұмыстарын жүргізген Серікқалиев Тасболат лайық деп танылды.

«Birgemiz: Saylyq» бағыты бойынша бойынша облыстық ауруханада волонтер – санитар болып жұмыс істеп, дәрігерлерге қолғабыс жасап, ауырған адамдарға көмек көрсетумен  айналысқан Мукашев Серікке табысталды.

«Birgemiz: Taza Alem» бағыты бойынша үздік волонтер аталымын студенттік құрылыс және жастар еңбек жасақтары құрамында жүріп, 5 ай көлемінде сенбіліктерге қатысып, гүл отырғызу, абаттандыру жұмыстарын жүргізген Меңдешұлы Жандос иеленді.

«Birgemiz: Asyl Mura» бағыты бойынша үздік волонтер аталымына тарих пәнінің мұғалімі Жауынбай Асылбек ие болды. Ол  тарихи нысандарды зерттеу, сақтау, қалпына келтіру шараларымен жұмыстанып келеді.

«Birgemiz: Qamqor» бағыты бойынша үздік волонтер аталымы полиция қызметкерлерімен “Жақыныңа жанашыр бол” акциясына қатысып, “Мың алғыс”акциясы аясында дәрігерлермен мұқтаж адамдарға құрал-жабдықтармен, дәрі-дәрмектер қамтамасыз етіп көмек көрсеткен жеке кәсіпкер Сұлтанұлы Әсетке берілді.

«Birgemiz: Umit» бағыты бойынша үздік волонтер аталымының жеңімпазы ретінде  жоғалған адамдарды іздеу, апаттар қауіпін төмендету, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарын жою бойынша шараларға белсенділікпен қатысқан Абаев Райымбекке ұсынылды.

«Үздік күміс волонтер» (50 жастан асқан волонтерлер) аталымы ұзақ жылдардан бері қайырымдылық, медициналық бағыттарда волонтерлікпен айналысып келе жатқан Тенишева Светлана Владимировнаға табысталды.

«Үздік  жас волонтер» (16 жасқа дейінгі волонтерлік қызметпен айналысатын жасөспірімдер) аталымы волонтерлікпен 3 жылдан уақыт айналысып жүрген Тлеккалиева Альмираға берілді. Ол төтенше жағдай кезінде өз қолымен маска тігіп, көршілерімен мұқтаж жандарға таратты. Ата-анасының атынан қор ашып, жиналған қаражатқа азық-түлік алып, көпбалалы отбасыларға үйлестірді.

«Үздік волонтерлік отбасы» аталымы комиссия шешімімен екі отбасыға Арыстановтар мен Толочко жанұясына берілді. Бұл аталған отбасылар жыл басынан бері белсенді түрде волонтерлікпен айналысып келеді.

«Үздік волонтерлік қозғалыс» аталымына  құрамында 150-ден астам волонтері бар "Орал жастары" волонтерлік қозғалысы лайықты деп танылды. Төтенше жағдай кезінде бір сәт те тыным таппай түрлі бағытта ауқымды жұмыстар атқарған болатын.

«БАҚ саласындағы үздік волонтер» аталымы волонтерлардың жұмысын кеңінен насихаттап, бастамаларға қолдау білдірген басылым "Сырым Елі" қоғамдық - саяси газетіне берілді.

Жеңімпаздарға диплом мен арнайы статуэтка және 100 мың теңгелік сертификат табысталды.

Волонтер жылы осындай үлкен мерекелік шарамен қорытындыланып отыр. Қоғам мен адамзат игілігі үшін жұмыс істейтін волонтерлар қатары арта берсін деген тілектеміз.