Көп балалы аналарға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» табысталды

Көп балалы аналарға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» табысталды
Бүгін аудан әкімі Азамат Сафималиев ҚР Президентінің 2021 жылғы 28 шілдедегі №632 Жарлығына сай көп балалы үш анаға салтанатты түрде төсбелгі табыс етті. Жеті бала туып, тәрбиелегені үшін күйгенкөлдік Нұрсұлу Алипова мен жәнібектік Ұлғаным Нұрышева «Алтын алқамен» марапатталды. Ал, алты баланы дүниеге әкелген, алтын құрсақты ана, қамыстылық Гүлзада Аймушева «Күміс алқа» иеленді. Азамат Сафималиұлы құттықтау сөзінде батыр аналарға еліміздің демографиялық дамуына қосқан үлесі үшін алғысын айтып, қоғамдағы әйелдің рөлі өте маңызды екенін атап өтті.
«Ананың құдіреті шексіз. «Оның алдында бүкіл дүние бас иеді» деп тегін айтылмаса керек. Ерте заманда жауласқан жұрттың ортасына ана ақ жаулығын тастаған кезде соғыс тоқтап, бітімге келетін болғанын білеміз. Дәстүрімізді барынша сақтап келе жатқан біз әйел затын әсіресе қадірлейтін xалықпыз. Қазақ ұлты қыз баланы әр уақытта алақанына салып, аялап отыратын. Бұл салтымыз отбасы үшін бұзылмас заңдылыққа айналып келеді. «Ана» деген қастерлі сөзді естігенде тебіренбейтін жүрек жоқ, толқымайтын көңіл болмайды»,- деді аудан әкімі.
Еске салайық, «ҚР мемлекеттік наградалары туралы» ҚР заңына сәйкес «Күміс алқа» медалі алты баланы дүниеге әкеліп, алтыншы бала бір жасқа толған соң және басқа балалар тірі болса беріледі. Ал жеті және одан көп баласы бар аналар соңғы бала бір жасқа толғаннан кейін «Алтын алқа» медалімен марапатталады. Айта кетейік, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» Қазақстан Республикасының ордені мәртебесіне ие. 2010 жылдан бері алты және одан артық бала тәрбиелеп-өсірген аналарды марапаттау салтанаты өткізіліп келеді.
Гүлзара МӘДИ
«Шұғыла»