Ақ халатты жандарға құрмет ерекше

Ақ халатты жандарға құрмет ерекше

Ағымдағы жылдың 13 сәуір күні аудандық мәдениет үйінде халықаралық мейірбикелер күніне орай “Деніңе саулық, дертіңе шипа сыйлаған” атты мерекелік шара оздырылды. Адам жанының арашасына айналған ақ желеңді абзал жандарды құттықтау үшін алғысөз аудан әкімі аппаратының басшысы Айдар Қаресовке ұсынылды. Айдар Қанатқалиұлының мерекелік лебізінен соң, кезек сала мамандарын марапаттау рәсіміне берілді. Сүбелі еңбек етіп, ел алғысына кенелген бірқатар медицина қызметкерлеріне облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының, аудан әкімінің, “Аманат” партиясы Жаңақала аудандық филиалының төрағасының, аудандық аурухана директоры мен “Ауданаралық сауықтыру ауруханасы” оңалту орталығы” басшысының және облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы атынан алғысхаттар мен естелік сыйлықтар табыс етілді. Сондай-ақ залда отырған ардагер дәрігерлер де көрсетілген құрметтен шет қалмады. Шара барысында экраннан мәртебелі мамандық иелеріне арналған бейнешолу ұсынылып, аудандық мәдени-демалыс орталығының өнерпаздары сазды бағдарламаларын арнады.