Бүгін аудандық кітапханада аудан әкімі Алпамыс Көшкінбаевтың төрағалығымен 2026 жылғы 15 наурызға тағайындалған республикалық референдумды өткізу мәселелері бойынша кеңес өтті. Жиынға Батыс Қазақстан облыстық аумақтық референдум комиссиясының төрағасы Әділ Жоламанов арнайы келіп, мемлекеттік органдар өкілдерімен дайындық барысын талқылады. Кеңеске аудан әкімінің орынбасары Руслан Ғұмар, құқық қорғау органдарының басшылары, аудандық бөлім, мекеме жетекшілері қатысты. Алдымен аудан басшысы Алпамыс Жаңабайұлы жиналысты ашып, кіріспе сөз сөйледі. Содан соң Әділ Тауфиқұлы алдағы саяси науқанға әзірлік барысын саралап, заң талаптарын қатаң сақтау қажеттігін атап өтті. Ал аудандық аумақтық референдум комиссиясының төрағасы Жанболат Бақтыгереев комиссиялардың дайындығы жөнінде баяндады.
Оның айтуынша, аудандық аумақтық референдум комиссиясының құрамы 7 адамнан тұрады. Аудан бойынша 24 учаскелік референдум комиссиясында 144 адам қызмет атқарады. Дауыс беру учаскелері толықтай жабдықталғаннан кейін, дайындықтары қайта тексеріледі. Қазіргі таңда аудан аумағында дауыс беруге құқығы бар 13 004 азамат тіркелген. Жанболат Бақтығалиұлы референдумға дайындық жұмыстары тиянақты атқарылып жатқандығын тілге тиек етті.
Кеңесте аудан әкімі аппаратының басшысы Ақан Қапанов референдумға қатысуға құқығы бар азаматтар тізімі бойынша атқарылып жатқан жұмыс, саяси науқанды материалдық-техникалық қамтамасыз ету туралы хабарлама жасады.
- Аудан аумағындағы Аққұс елді мекенінде учаскелік сайлау комиссиясы жоқ. Мұнда 23 дауыс беруші тіркелген. Осыған қатысты Борық елді мекенінде жылжымалы учаскелік комиссия арқылы ұйымдастырылатын болады. Сонымен қатар ауданда ерекше жағдайды қажет ететін 134 мүгедектігі бар адам тұрады. Оның ішінде 25-і арба пайдаланатын, 92-сі көру қабілеті, 17-сі есту қабілеті бұзылған жандар. Референдумға тең қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін барлық учаскелерде арнайы бұрыштар жасақталып, сурдоаудармашылар тарту көзделуде. Аудан орталығындағы учаскелерге инватакси қызметі ұйымдастырылады, - деді Ақан Болатұлы.
Сондай-ақ полиция бөлімінің бастығы Қайрат Хасенов референдум барысында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету шаралары күшейтілетінін жеткізді.
Жиынды қорытындылаған Алпамыс Жаңабайұлы алдағы жауапты науқанды жоғары деңгейде ұйымдастырып, сайлаушылардың белсенді қатысуына барлық жағдай жасауды тапсырды.