Аудан орталығында қоғаммен байланыс, имидж қалыптастыру, коммуникациялық стратегия және жасанды интеллект құралдарын қолдану тақырыбында PR семинар-тренингі ұйымдастырылды. Шараға аудан әкімі Алпамыс Көшкінбаев, бөлім басшылары, мекеме жетекшілері, сондай-ақ қоғаммен байланыс пен баспасөз қызметіне жауапты мамандар қатысты.
Семинар барысында PR саласының негізгі бағыттары, дағдарыстық жағдайлар кезіндегі тиімді коммуникация жүргізу, имидждік жобаларды жоспарлау және оларды жүзеге асыру жолдары кеңінен талқыланды. Сонымен қатар PR жұмысында жасанды интеллект құралдарын қолданудың заманауи тәсілдері таныстырылып, нақты мысалдар келтірілді.
Тренингті PR маманы Ақмоншақ Мақсотқызы жүргізді. Ол – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлегі, журналистика саласында 15 жылға жуық, PR бағытында 13 жылдан астам тәжірибесі бар білікті маман. Сондай-ақ «MediaNET» халықаралық журналистика мектебінің түлегі.
Шараның негізгі мақсаты – мемлекеттік органдардың қоғаммен байланысын нығайту, ақпараттық ашықтықты арттыру және заманауи коммуникациялық құралдарды тиімді пайдалану дағдыларын жетілдіру.
Семинар-тренингтен кейін бөлім басшылары алған әсерлерімен бөлісіп, мұндай тәжірибелік кездесулердің алдағы уақытта да кең көлемде, үлкен аудиторияларда ұйымдастырылуы маңызды екенін атап өтті.