
Кез келген мемлекеттің демократиялық бастауының өлшемі әділ сайлаулармен айшықталады. Бұл орайда ақпан айының бірінші бейсенбісі Дүниежүзілік сайлау күні ретінде бекітілген. Дүниежүзілік сайлау күнін жыл сайын ақпанның бірінші бейсенбісінде атап өту дәстүрі Қазақстан Республикасы толыққанды мүшесі болып табылатын Еуропалық сайлауды ұйымдастырушылар қауымдастығының бастамасымен басталды. Биылғы жылы бұл күн 5 ақпанға келіп отыр.
Осыған байланысты барша аудан тұрғындарын, газет оқырмандарын, сайлау процесіне қатысушыларды, әріптестерді мерекемен құттықтаймын.
Бұл күннің мақсаты – тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу тарихымен тығыз байланысты елдің сайлау жүйесінің қалыптасу және даму кезеңдері туралы жұртшылықты ақпараттандыру, сайлаушылардың электоралдық белсенділігін арттыру және жас сайлаушылар арасында демократиялық құндылықтарға деген ұстанымын қалыптастыру.
Сайлау туралы қазіргі кездегі заңнама сайлау қатынастары мен процестерінің әр түрлі аспектілерін реттейтін нормативтік құқықтық актілер блогынан тұрады. Ол өзінің құрамы жағынан кең және ауқымды. Сайлау заңнамасына нақты мемлекеттік билік органдарын сайлауға арналған арнайы нормативтік актілер ғана емес, сонымен қатар азаматтардың сайлау құқықтарын, сайлау құқығының принциптерін реттейтін актілер, сондай-ақ сайлау процесінің жекелеген кезеңдері кіреді.
Қазақстан Республикасының Конституциясында сайлау заңнамасының іргелі принциптері айқындалады, Президентті, Парламент және мәслихаттар депутаттарын сайлауға байланысты негізгі нормалар бекітілген.
Қазіргі уақытта аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің тікелей сайлауын өткізу тәртібі «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» ҚР Конституциялық заңымен регламенттеледі. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы азаматтарының сайлауға қатысуы жасырын дауыс беру кезінде тең, жалпыға бірдей және төте сайлау құқығы, сайлауға еркін және ерікті қатысу принциптеріне негізделеді.
Қазақстанда сайлау өткізудің ережелері, рәсімдері және негізгі принциптері «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы», «Республикалық референдум туралы», «Қазақстан Республикасының Президенті туралы», «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының конституциялық заңдарында, сондай-ақ бірқатар басқа нормативтік құқықтық актілерде белгіленеді.
Алайда, сайлау заңдары заман ағымына қарай, азаматтардың ұсыныстары негізінде, зерделеніп үнемі жетіліп отырады.
Жақында ғана өткен V Ұлттық Құрылтайда мемлекет басшысы Қасым - Жомарт Тоқаев еліміздің басқұжаты Конституцияға өзгерістер енгізу жөнінде Конституциялық комиссия құру туралы шешім қабылдады.
Соның нәтижесінде Ата заңға, сәйкесінше сайлау туралы заңдарға да өзгерістер енгізілетіні айқын.
Өткен жылы аудандағы 9 ауылдық округтің 5 ауыл округ әкімдерінің өкілеттілік мерзімі аяқталып, тұрғындар осы ауылдардағы әкімдерді тікелей сайлады. Ауылдық округтер әкімдерінің жаңа форматтағы сайлаулары заң талаптарына сәйкес өткізіліп, барлық науқандар абыроймен ұйымдастырылды. Ауданымыздың сайлау комиссияларының мүшелері үлкен ауызбіршілікпен, нәтижелі қызмет атқарды.
Біздің ауданда сайлауды дайындауды және өткізуді тікелей ұйымдастыратын сайлау органдарының жүйесіне 1 аудандық аумақтық, 1 облыстық мәслихат, 11 аудандық мәслихат депутаттарын сайлау жөніндегі округтік, 24 учаскелік сайлау комиссиялары кіреді. Бұл комиссияларда 211 адам қызмет етеді.
Аудандық сайлау комиссиясы биылғы Дүниежүзiлiк сайлау күнiне арналған іс-шараларды ҚР Орталық сайлау комиссиясының бастамасымен «Электоральдық принциптер – сайлаушы сенімінің негізі» тақырыбы аясында өткізеді. Бұл шараларда заң үстемдігі, тәуелсіздік, ашықтық, инклюзивтілік, сайлау комиссияларының кәсібилігі мен алқалылығы тәрізді қағидаттар көрініс табады деп ойлаймын. Басты мақсат – демократияландыру үрдiсiнiң оңтайлы жүрiп жатқандығын сайлаушылар назарына жеткізу, жүйедегі трансформациялық үрдістерді түсіндіру. Сондай-ақ, Конституциялық заңның талаптарын әрбiр азаматтың, жастың санасына сiңiрiп қана қоймай, оны iс-жүзiнде, яғни сайлауда дауыс беру еркiндiктерiн тиiмдi пайдалана алуын қамтамасыз ету.
Келешек ұрпақ – жас сайлаушылар. Мектеп оқушылары мен студенттерге сайлау мәдениетін сіңіру, олардың демократиялық құндылықтарға деген ұстанымын қалыптастыру бағытында ауданның орта мектептерінің 10-11 сыныптары арасында «Сайлау процесінің құқықтық негіздері» атты тәрбие сағаттарын өткізу, аудандағы колледж студенттерімен кездесу және «Тәуелсіз елдің сайлау жүйесі» аудан жастарының зияткерлік сайысын, «Сайлау - қоғамның саяси жетілуінің көрінісі» атты аудандық зерделі кеңес, барша азаматтар үшін қолжетімді сайлау ортасын қалыптастыру бағытындағы кездесулер, көрмелер және «Ашық есік» күні шараларын өткізу көзделген. Өйткені, азаматтық жауапкершілік сайлаудан басталатыны ақиқат.
Алдағы уақытта да еліміздің сайлау жүйесі тұрақты дамып, саяси реформалар өз нәтижесін беретініне сенім мол. Мысалы, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровтің бастамасымен аумақтық сайлау комиссиялары жанынан жас сайлаушылар клубтары құрылды. Белсенді жастардың басын құраған жас сайлаушылар клубтары диалог алаңына айналып, жастардың сайлау мәдениетін арттырудың тиімді жолдарын айқындайды деп сенемін. Өз тарапымнан аудан жастарын сайлау процесіне белсенді қатысып, замандастарының саяси үрдістерге қызығушылығын арттыруға атсалысуға шақырамын.
Жаңақала өңірінің барлық азаматтарын Дүниежүзілік сайлау күнімен тағы құттықтай отырып, біздің қоғамның әрқашан демократияландыру және демократиялық құндылықтар жолымен дамуын, мемлекетіміздің іргесінің бекіп, өсіп-өркендеуін тілейміз!
Жаңақала ауданының аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Бақтыгереев Жанболат Бақтығалиұлы