Бүгін барлық деңгейдегі әкімдердің жылына екі рет халық алдында есеп беру жоспарына сәйкес Жаңақала ауылдық округінде ауыл әкімі Абат Ишановтың есебі тыңдалды. Кездесуге аудан әкімі Алпамыс Көшкінбаев, бөлім және мекеме басшылары қатысты.
Жиын барысында ауыл әкімі жыл ішінде атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы баяндама жасады. Одан кейін аудан әкімі өңірде жүзеге асқан жұмыстар және алдағы жоспарланған жобалар жөнінде ақпарат берді.
Қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің бастығы, полиция подполковнигі Ержан Мәкішев ауданның криминогендік ахуалы туралы айтып, интернет алаяқтықтың алдын алу жолдарын түсіндірді.
Кездесу барысында ауыл тұрғындары тарапынан келесі мәселелер көтерілді:
Меңдіхан бөгетін бөгеу, ауыл ішіне тұрмыстық қалдықтар салатын контейнерлер қою, облыстық маңызы бар Жаңақала–Орал бағытындағы жолды мердігердің күтіп ұстауы, автостанцияның қажеттілігі, ауылға техникалық су жеткізу, саябақтарды күтіп ұстау, бейіттегі садақа жәшігінің тоналуы, қорымға жол салу, тұрмыстық қалдықтар полигонына баратын жол салу, көл суын тартуға кәсіпкерлерді тарту, мектептегі оқушыларға орын тапшылығы. Көтерілген сұрақтарға аудан және ауыл әкімдері, тиісті сала басшылары жауап берді. Барлық ұсыныс-тілектер бойынша іс-шаралар жоспары жасақталып, келесі есепті кездесуде орындалу барысы туралы есеп беріледі.
Кездесу соңында «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында ауылдық қоғамдық жұмыста белсенділік танытқан бірқатар жұмысшыларға алғысхаттар табысталды.