Аудан бойынша жоспарлы есеп беру науқаны аясында бүгін Бірлік және С.Меңдешев ауылдық округтерінде ауыл әкімдерінің тұрғындар алдындағы есепті кездесулері өтті. Жиындарға аудан әкімі Алпамыс Көшкінбаев, мәслихат төрағасы Қамбар Каменов, қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің бастығы Ержан Мәкішев, аудандық ветеринариялық станция басшысы Мейрамбек Қадырбеков және тиісті бөлім басшылары қатысты.
Алдымен Бірлік ауылдық округіндегі кездесуде ауыл әкімі Ерболат Жақашев жыл ішінде атқарылған жұмыстарды баяндап, халық ұсыныстарының жартысына астамы орындалғанын айтты. Аудан әкімі де аудан көлемінде жүзеге асқан жобалар мен тартылған инвестициялар туралы мәлімет берді.
Сонымен бірге қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің бастығы Ержан Мәкішев интернет алаяқтық пен мал ұрлығының алдын алу, салдарынан жол-көлік оқиғаларының алдын алу туралы, ал ветеринариялық станция басшысы Мейрамбек Қадырбеков те өз салалары бойынша жаңалықтар жөнінде ақпарат ұсынды. Тұрғындар жиында Үшкемпірге газ тарту, Ақбалшықтағы жолдарды жөндеу, жарықтандыру орнату, балалар ойын алаңын салу, жер мәселелері және су жиналуына байланысты көтерме жұмыстар қажеттігі секілді түрлі мәселелерді алға тартып, оларды шешу жолдары талқыланды.
Кездесуден кейін аудан әкімі жеке қабылдау өткізіп, тұрғындардың жекелеген өтініштерін тыңдады. Қабылдауда төтенше жағдай өрт салдарынан көмек көрсету, балық өсіруге қолайлы жағдай жасау, Қоғалы көлінің жанындағы көлшікті шаруа қожалыққа пайдалану мүмкіндігі, тұрғын-үй және мәдениет үйінің жылу жүйесін жаңарту мәселелері қаралды.
С.Меңдешев ауылдық округінде өткен кездесуде ауыл әкімі Абзал Ахметов биылғы атқарылған жұмыстарды таныстырып, алдағы жоспарлармен бөлісті. Жиында малды қолдан ұрықтандыру, мал бордақылау актілерін беру тәртібі, Соркөлге судың берілуінен туындаған қолайсыздықтар, газ құбырының құрылысқа кедергісі, Ақмамбет көпірін қалпына келтіру, қорық аумағындағы мәселелер және ауылдағы аяқталуы тиіс жобалар жөнінде сұрақтар көтерілді.
Кездесу соңында «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында қоғамдық жұмыс атқарған қызметкерлерге алғысхаттар табысталды. Аудан басшылығы бұл ауылда да жеке қабылдау өткізіп, тұрғындардың жеке мәселелерін назарға алды.