Есеп беру жалғасуда

Есеп беру жалғасуда
Барлық деңгейдегі әкімдердің халықпен кездесу өткізу тәртібіне сәйкес бүгін аудан әкімі Алпамыс Көшкінбаев Қызылоба және Пятимар ауылдық округтерінде есепті кездесулер өткізіп, тұрғындармен кездесіп, көкейкесті мәселелерін тыңдады. Жиындарға аудандық бөлімдер мен мекемелердің басшылары қатысты.
Қызылоба округіндегі кездесу
Алдымен Қызылоба ауылдық округінде өткен жиында ауыл әкімі Теміржан Серіков жыл ішінде атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы баяндады. Аудан әкімі өз сөзінде аудан бойынша тартылған 10,5 млрд теңге инвестицияның 6,7 млрд теңгесі жеке тұлғалар есебіндегі қаражат екенін атап өтіп, оның жаңа жұмыс орындарын ашуға оң әсерін тигізетінін жеткізді.
Тұрғындар тарапынан жедел жәрдем көлігі мен су шаруашылығына қатысты мәселелер көтерілді. Сонымен қатар, «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында бірқатар еңбек адамдарына аудан әкімдігі атынан алғысхаттар табысталды.
Жеке қабылдау барысында тұрғындар тұрғын үй, жер қатынастары және әлеуметтік мәселелер жайында сауалдарын қойып, тиісті жауаптарын алды.
Пятимар округіндегі кездесу
Келесі кездесу Пятимар ауылдық округінде өтті. Ауыл әкімі Бауыржан Рамазанов атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасап, негізгі мәселелерге тоқталды.
Тұрғындар тарапынан бірнеше маңызды мәселелер көтерілді. Олардың қатарында:
Борық елді мекеніне фельдшер қажеттігі,
Балалар ойын алаңының болмауы,
Каналдарды жөндеу,
Апатты үйлер мәселесі,
Игерілмеген қаражаттың неліктен игерілмегені,
Ауыл ішілік жолдардың уақытында қырылмауы,
Жас кәсіпкерлерге қолдау қажеттігі.
Сонымен бірге бір тұрғын ауыл әкімін қызметтен босату туралы ұсынысын білдірді.
Жиын соңында «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында қоғамдық жұмыста жүрген бірнеше азаматқа аудан әкімінің алғысхаттары табысталды. Жеке қабылдау кезінде тұрғындар екпе шөпке жер бөлу, қожалық ашу, апатты үйлер және жеке мәселелер бойынша өтініштерін жеткізіп, сала мамандарынан нақты жауаптар алды. Бірқатар түйткілді мәселелер бақылауға алынды.