Кадр мәселесі көтерілді

Кадр мәселесі көтерілді
2025 жылы 1 қазанда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы – Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Мұрат Байсалов Жаңақала ауданына жұмыс сапарымен келді.
Сапар аясында аудан активімен кездесу ұйымдастырылып, жиынды аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Ерлан Қажиев жүргізді. Кездесуге аудандық қоғамдық кеңес мүшелері, мемлекеттік қызметшілер (соның ішінде орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелері), үкіметтік емес ұйым өкілдері, аудан жастары және ауылдық округ әкімдері онлайн форматта қатысты.
Жиын барысында «Мемлекеттік қызмет туралы» заңнамаға енгізілген өзгерістер таныстырылып, негізгі бағыттары кеңінен түсіндірілді. Мұрат Байсалов өз сөзінде мемлекеттік қызметтегі реформалар, заңнамадағы жаңашылдықтар мен мемлекеттік қызметшілерге қойылатын кәсіби талаптар жөнінде баяндады.
Одан кейін кадр саясатына арналған жеке кездесу өтіп, оған аудан әкімдігі аппаратының басшылығы, бөлім басшылары және ауылдық округ әкімдері қатысты. Кездесу барысында ауданда мемлекеттік қызмет саласында 8 бос жұмыс орны бар екені айтылды. Егер алдағы бір ай ішінде бұл орындарға мамандар табылмаса, штат бірліктерінің облыс деңгейіне қайтарылатыны ескертілді.
Кездесуде қатысушылар мемлекеттік қызметке қабылдау конкурстарындағы қиындықтар, интернет байланысының әлсіздігі, білікті маман тапшылығы және кейбір үміткерлердің талаптарға сай келмеу мәселелерін көтеріп, пікір алмасты.
Агенттік басшысы мемлекеттік қызметтің жаңа бағыттары мен көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру жолдары бойынша да ақпарат берді.
Сапар аясында Мұрат Байсалов аудандық Қоғамдық кеңестің отырысына да қатысты. Отырыс барысында мемлекеттік қызмет көрсету сапасы мәселесі талқыланды. Атап айтқанда: Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі бойынша көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасы туралы бөлім басшысы Нұрберген Тілекқабылов баяндама жасады. Экономика және қаржы бөлімі бойынша бөлім басшысының міндетін уақытша атқарушы Сержан Тұрдалиев қызмет сапасы туралы хабарлады.
Жиын соңында мемлекеттік қызметтердің көрсетілуіне қатысты сұрақтар қойылып, нақты ұсыныстар талқыланды.