БҚО әкімі Нариман Төреғалиевтің Жаңақала ауданына жұмыс сапары өтті

БҚО әкімі Нариман Төреғалиевтің Жаңақала ауданына жұмыс сапары өтті
2025 жылы 22 қыркүйекте Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Жаңақала ауданына жұмыс сапарымен келді. Алдымен өңір басшысы аудандағы су шаруашылығы және лимандардың жай-күйімен танысып, нақты проблемалар мен олардың шешу жолдарын қарастырды. Содан соң Мәстексай ауылында орналасқан «Батыс-Киік» ЖШС ет комбинатының құрылысымен танысты. Жалпы алаңы 50х50 шаршы метрді құрайтын жобаның құны - 220 млн теңге. Бұл – ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді дамытуға бағытталған маңызды бастама.
Жаңажолда күрес залы салынбақ
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес, барлық деңгейдегі әкімдер халықпен жылына бір рет жаңа форматта есеп беру кездесулерін өткізіп келеді. Халықпен кездесу Жаңажол ауылдық округінде жоспарланып, жиынға құқық қорғау органдарының өкілдері, облыстық басқарма басшылары мен жауапты мекеме мамандарымен қоса, ауыл тұрғындары қатысты.
Аудан әкімі Алпамыс Жаңабайұлы аудан көлемінде атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар жөнінде баяндама жасады. Өз кезегінде Нариман Төреғалиұлы облыс көлеміндегі ірі жобалар мен бағдарламалар туралы ақпарат беріп, тұрғындар тарапынан қойылған түрлі сауалдарға жауап берді.
Кездесудің негізгі бөлігі жергілікті тұрғындармен ашық сұхбат форматында өтті. Олар көтерген басты мәселелер қатарында:
- 12 шақырымдық кірме жолды жөндеу қажеттілігі ;
- Жаңақазан ауылындағы обаға қарсы күрес мекемесінің ескіруіне байланысты жаңа ғимарат салу ;
- Учаскелік полиция қызметкерлеріне қосымша штат бөлу ;
- Мал шаруашылығына қажетті су тапшылығы ;
- ⁠- Ауданның оңтүстік ауылдарында өрт сөндіру бекетін ашу қажеттілігі ;
- Жаңажол ауылына балабақша салу ;
- Газ және жарық тарифтерінің өсуі;
- Күрес залына қолдау көрсету ;
- Ауылдың кірме жолын уақытында тегістеу, күту ;
- Техникалық су тарту және су арналарының жағдайын реттеу ;
- Қырқопа бөгетіне қақпа орнату ;
- Мектепке қызметтік көлік бөлу ;
- Жоғары оқу орындарындағы оқу ақысының жыл сайын өсуі ;
- Медицина саласында кадрлардың жетіспеуі және
мал жайылымының тапшылығы.
Тұрғындар сұрақтарын мұқият тыңдаған облыс әкімі кейбір мәселелер бойынша нақты жауап беріп, ауылдағы апатты жағдайда тұрған күрес залының орнына келер жылы жаңа ғимарат салынатынын айтты.
Қалған мәселелер тиісті сала басшыларына жолданып, бақылауға алынып, заң аясында шешу жолдары қаралатын болады.