Жаңа келбетке ие білім ордасы

Жаңа келбетке ие білім ордасы

Білім күні қарсаңында Көпжасар ауылындағы Дина Нұрпейісова атындағы жалпы орта білім беретін мектебі күрделі жөндеуден өтіп, оқушыларға есігін айқара ашты.

Мектепті жаңғырту жұмыстарын «Жайық Сити» ЖШС мердігерлік ұйымы жүргізді. Жөндеу шаралары биыл 17 сәуірде басталып, 14 қыркүйекте қолданысқа беріледі деп жоспарланған еді. Алайда, жаңа оқу жылына дейін мерзімінен бұрын сапалы аяқталып, мектеп заманауи құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілді.

Салтанатты шараға Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев арнайы қатысып, жергілікті жұртпен бірге мектептің жаңа келбетіне куә болды. Сонымен қатар облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Саягүл Ғалиева, аудан әкімі Алпамыс Көшкінбаев, аудандық мәслихат төрағасы Қамбар Каменов, аудан әкімінің орынбасары Руслан Ғұмар, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Гүлбану Дағарова, аудандық білім бөлімінің басшысы Данял Танзенов, Көпжасар ауылдық округінің әкімі Нұрбол Бектілеу, ауыл тұрғындары, ата-аналар мен ардагер ұстаздар қатысты.

1983 жылы салынған бұл білім ұясы бүгінде заман талабына сай жаңартылып, оқушылар мен ұстаздар үшін қолайлы жағдай жасалған.

Ғимараттың ашылу салтанаты қазақтың күй анасы атанған Дина Нұрпейісованың ескерткішіне облыс әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев пен ардагер ұстаз Шәрипа Төреғалиқызының гүл шоғын қоюымен басталды.

Іс-шарада сөз алған Қайыржан Ермекұлы:

– Ел болашағы – білімді ұрпақтың қолында. Сондықтан балаларға сапалы білім мен тәрбиені осы секілді заманауи мектептерде беру – уақыт талабы. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, өңірімізде 1300 мектеп күрделі жөндеуден өтуде. Бұл – соның жарқын көрінісі, – деп атап өтті.

Мерекелік шара аясында мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндерге «Әліппе» оқулығы табысталды. «Мектепке жол» акциясы аясында жергілікті кәсіпкерлер демеушілік жасап, 1-сыныпқа барған оқушыларға мектеп сөмкелерін сыйға тартты.

Шара барысында Алпамыс Жаңабайұлы күрделі жөндеу жұмыстарын белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтағаны үшін мердігер ұйым өкілі Нариман Ізмұхамбетовке алғысхат табыстады.

Мектеп директоры Гүлбар Тұрланқызы меймандарға

мектепті таныстырып, жаңа оқу жылына толық дайын екендерін жеткізді. Қазіргі таңда білім ошағында 300 оқушы оқып жатыр, оның 30-ы – бірінші сынып оқушылары.

Бұл – тек мектеп ғимаратының жаңаруы ғана емес, сонымен қатар болашаққа салынған инвестиция.

Айтулы сәтте білім саласында ұзақ жыл еңбек еткен ардагер ұстаз Мария Нұрсұлтанова өз ризашылығын білдіріп:

– Өте қуаныштымыз. Бұл мектеп салынғанда мен әлі студент едім. Содан бері талай уақыт өтті.

Бұл мектеп – облыстағы ең озық 20 мектептің бірі болған. Мұнда аудан бойынша алғаш рет прогимназия сыныбы ашылған. Шәкірттері республика, облыс, аудан көлемінде түрлі салада жетістіктерге жетіп жүр. Ұстаздарымыз жаңа мектепте бұдан да биік белестерді бағындырады деп сенеміз, – деді.