Жаңақазан ауылдық округіне қарасты Жуалыой елді мекенінде жаңа футбол алаңы салынып, пайдалануға берілді. Бұл жоба аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің тапсырысымен жүзеге асырылып, құрылыс жұмыстарын «ПромстройЭнерджи» ЖШС компаниясы атқарды.
Ашылу рәсіміне аудан әкімі Алпамыс Көшкінбаев, оның орынбасары Руслан Ғұмар, аудандық мәслихат депутаты Марс Жұмалиев, ауылдық округ әкімі Сәдуақас Ғұбашев, бөлім басшысы Абат Ишанов және ауыл тұрғындары қатысты.
Алпамыс Жаңабайұлы жиналған жұртты жаңа спорт нысанының ашылуымен құттықтап, оның балалар мен жастардың дене шынықтырумен айналысуына зор мүмкіндік туғызатынын, сондай-ақ бұл игі істің 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орайластырылғанын ерекше атап өтті.
Жаңа алаң ауыл тұрғындарының салауатты өмір салтын ұстануына және бұқаралық спортты дамытуға үлкен үлес қосатыны сөзсіз. Сонымен қатар, мердігер компания балаларға арналған шағын ойын алаңын да орнатып, бүлдіршіндерге қуаныш сыйлады.
Іс-шара соңында Х.Нұрымғалиев атындағы мектептің 5 жыл бұрынғы түлектері ауыл жастары арасында алғашқы шағын футбол турнирін ұйымдастырды.