Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру

Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру

Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру ветеринариялық паспортты бере отырып, бірдейлендіруді жүргізуге арналған бұйымдарды (құралдарды) пайдалану арқылы сырғалау, таңбалау арқылы жануарларға жеке нөмiр берудi және ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жөніндегі дерекқорға жануар туралы мәлiметтердi енгiзе отырып жануарларды есепке алу рәсiмi болып табылады.
Ауыл шаруашылығы жануарларының бірдейлендіріліп, жануар туралы мәліметтің дерекқорға енгізілуі немесе есептен дер кезінде шығарылуы мал басы есебінің толық әрі нақты болуына, ол өз кезегінде ветеринариялық профилактикалық іс-шаралардың дұрыс жоспарлануына септігін тигізеді.
Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруді қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 10 шілдедегі «Ветеринария туралы» Заңының 25 бабы 5 тармағына сәйкес жеке және заңды тұлғаларға міндеттелген.
Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіріп, есепке алу немесе есептен шығару үшін (жануардың өлім-жітімі, өз қажеттілігіне сойып алу, т.б. жағдайларда) жеке немесе заңды тұлғалар уақытылы жергілікті жердегі ветеринариялық пункттерге жүгінуі қажет.
Жеке және заңды тұлғаларға, өздеріне міндеттелген талаптарды орындамаған жағдайда, Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» Кодексінің 406 бабы «ҚР ветеринария саласындағы заңнамасын бұзу» бойынша жауапкершілік қарастырылғандығын қаперіңізге береміз.
Анықтамалы:
Ауыл шаруашылығы жануарларының төлдері:
- бұзаулар, қозылар, лақтар, боталар туған күнінен бастап жеті күн өткеннен кейін;
- құлындар, тақ тұяқты жануарлардың төлі (есектер, қашырлар, пони, зебра, құлан және басқа жануарлар) таңбалау кезінде төрт айлық жасынан бастап, чиптеу кезінде туған күнінен бастап жеті күн өткеннен кейін;
- асыл тұқымды торайлар, әрі қарай өсіруге және өсімін молайтуға арналған торайлар және халықтың шаруашылықтарында күтіп-бағылатын торайлар, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында, шаруа және фермерлік қожалықтарда күтіп-бағылатын және өнеркәсіптік өсіруге, кейіннен сою үшін тоғыз айлық жасқа жеткенге дейін бордақылауға арналған торайлар туған күнінен бастап жеті күн өткеннен кейін;
- тоғыз айлық жасқа дейін сойылмаған, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында, шаруа және фермерлік қожалықтарда күтіп-бағылатын және өнеркәсіптік өсіруге және бордақылауға арналған торайлар – тоғыз айлық жасқа толған күнінен бастап жеті күн өткеннен кейін бірдейлендіруге жатады.