2020 жылы Батыс Қазақстан облысының ветеринария басқармасымен атқарылған жұмыстар

2020 жылы Батыс Қазақстан облысының ветеринария басқармасымен атқарылған жұмыстар

2020 жылы Батыс Қазақстан облысы аумағында ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында бюджет қаражатынан 1 172,2 млн. теңге қаражат бөлінді.

Ауыл шаруашылығы жануарларын вакцинациялау

Өткен жылы облысқа жануарлардың аса қауіпті ауруларының алдын алу үшін республикалық бюджеттен 5,7 млн. доза ветеринариялық препараттар бөлініп, ауыл шаруашылығы жануарлары 11 аса қауіпті ауруларға (құтыру, пастереллез, сібір жарасы, туберкулез, қарасан, нодулярлы дерматит, маңқа, түйе обасы, жоғары патогенді құс тұмауы, қойлардың күл ауруы, эхинококкоз) қарсы вакцинацияланды.

Бруцеллез ауруы бойынша эпизоотиялық ахуал

2020 жылдың қорытындысы бойынша мүйізді ірі қара бруцеллезіне 731,5 мың бас зерттеліп, оның 6,8 мың басы оң нәтиже көрсетті. Облыс бойынша мүйізді ірі қара малының бруцеллез ауруымен зақымдануы 0,9% құрап, 2019 жылмен салыстырғанда 0,3% азайып отыр.

Ұсақ мал бруцеллезіне 1 193 мың бас зерттеліп, оның 1,6 мың басы оң нәтиже көрсетті. Облыс бойынша ұсақ малдың бруцеллез ауруымен зақымдануы 0,14 құрады.

Бруцеллез ауруына шалдыққан барлық ауыл шаруашылығы жануарлары уақытылы ет өңдеу кәсіпорындарына санитарлық сойысқа тапсырылды.

2020 жылы меншігіндегі қой-ешкілері бруцеллез ауруына шалдығып, ет өңдеу кәсіпорындарына тапсырған 328 тұрғынға облыстық бюджеттен 7,9 млн. теңге өтемақы төленді.

Өткен жылы облыста МІҚ арасында бруцеллезден қолайсыз 22 елді мекен анықталып, 14 елді мекен сауықтырылды. Қалған 8 қолайсыз елді мекенде сауықтыру шаралары жалғастырылуда.

Сонымен қатар, ҰМҚ арасында бруцеллезден қолайсыз 1 елді мекен анықталып, сауықтыру жұмыстары жалғастырылуда.

Энзоотиялық аурулардың алдын алу және диагностикасы

2020 жылдың қараша және желтоқсан айларында Батыс Қазақстан облысы бойынша жануарларының энзоотиялық ауруларының ветеринариялық профилактикалық іс-шаралар жоспарына сәйкес кенелер мен тері асты бөгелектеріне қарсы алдын-алу жұмыстары жүргізіліп, 111,3 мың бас мүйізді ірі қара малына екпе егілді. Бұл мақсатта облыстық бюджеттен 17,7 млн. теңге қаражат бөлінген болатын.

Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру

2020 жылы ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру шаралары аясында 177,5 мың бас мүйізді ірі қара, 564,6 мың бас қой-ешкі, 17,6 мың бас шошқа, 445 бас түйе малы бірдейлендіріліп, 45,8 мың бас жылқы таңбаланды.

Мал қорымдары

Мал қорымдары ветеринариялық және санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде маңызды орын алады.

Осы мақсатта облыс аумағында 2020 жылы жаңа 11 мал қорымы салынды. Оның 8-і жергілікті бюджет қаражаты есебінен, 3-уі шаруа қожалық иелерінің қаражатымен салынды.

Анықтамалы: қазіргі таңда облыс аумағында 260 мал қорымы бар, оның 63-і типтік, 197-сі қарапайым шұңқырлар.

Бұралқы ит-мысықтарды аулау және биозарарсыздандырудан өткізу

2020 жылы БҚО ветеринария басқармасымен облыс аумағындағы иттер мен мысықтарды санын нақтылау және есебін жүргізу мақсатында иттер мен мысықтарды тіркеуге арналған дерекқор жасақталды. Қазіргі таңда аталған дерекқормен ветеринариялық станциялар жұмыстануда. Алдағы уақытта облысымыздың барлық ветеринариялық клиникалары да осы дерекқорға қосылады.

2020 жылы облыс аумағында бұралқы иттер мен мысықтарды аулау және биозарарсыздандырудан өткізу үшін жергілікті бюджеттен бөлінген 21,45 млн. теңге қаражат бөлінді.

Жыл қорытындысы бойынша облыс бойынша 3 756 бұралқы иттер мен мысықтар ауланып, 2 060 бас биозарарсыздандырудан өтіп, мекендеу ортасына қайта жіберілді.

Ауыл шаруашылығы жануарларын уақытша ұстауға арналған айыппұл тұрағы

2019 жылы Батыс Қазақстан облысы бойынша ауыл шаруашылығы жануарларымен елдi мекендердiң аумақтарында абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ қалалар мен елді мекендер инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жоюдың алдын алу мақсатында аудандарда ауыл ішінде, қоғамдық орындарда қараусыз жүрген ауыл шаруашылығы жануарларын уақытша ұстауға арналған айыппұл тұрақтары іске қосыла бастаған болатын. Қазіргі таңда облыс аумағында барлығы 64 айыппұл тұрақтары жұмыс жасауда.

Жыл қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы жануарлары айыппұл тұрақтарына қамалған тұлғалардың 35-не айыппұл салынса, 217-не ескерту берілді.