«Aqjaiyq» телеарнасындағы «Ел алдында» бағдарламасының тікелей эфирінде «Мал ұрлығы: заң мен жауапкершілік» тақырыбы талқыланды. Бағдарламаға Батыс Қазақстан облысы ветеринария басқармасының Бірдейлендіру, ветеринариялық-санитариялық іс-шаралар және төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Шигапов Фархад Ринатұлы қатысты.
Бағдарлама барысында мал ұрлығының алдын алуда ауыл шаруашылығы жануарларын уақтылы бірдейлендірудің маңыздылығы жан-жақты түсіндірілді. Әрбір жануарға жеке нөмір беріліп, жануар мен оның иесі туралы мәліметтер ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендірудің бірыңғай ақпараттық дерекқорына енгізілетіні айтылды.
Сонымен қатар, жануарларды сырғалаумен қатар, қосымша бірдейлендіру тәсілдерін, атап айтқанда чиптеу әдісін қолданудың тиімділігі түсіндірілді. Бұл жануардың тиесілігін нақты анықтауға және мал ұрлығының алдын алуға ықпал етеді.
Бағдарлама барысында ветеринариялық анықтаманы беру тәртібі, оның мемлекеттік қызмет ретінде көрсетілетіні, сондай-ақ сауда орындарында ветеринариялық құжаттардың түпнұсқалығының қалай тексерілетіні туралы да жан-жақты ақпарат берілді.
Осындай ақпараттық-түсіндіру жұмыстары мал ұрлығының алдын алуға, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және ветеринариялық қызметтің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған.