
Мемлекеттік қызмет – тек мамандық емес, ол ел алдындағы үлкен жауапкершілік пен халыққа қызмет етудің биік үлгісі. Әсіресе ветеринария саласы – қоғам қауіпсіздігімен, халық денсаулығымен және азық-түлік сапасымен тығыз байланысты маңызды бағыттардың бірі. Бұл салада кәсіби біліктілікпен қатар табандылық, адамгершілік және іске деген адалдық айрықша маңызға ие.
Осындай еңбек жолын ел игілігімен ұштастырып келе жатқан тәжірибелі мамандардың бірі – Батыс Қазақстан облысы ветеринария басқармасының эпизоотияға қарсы ветеринариялық іс-шаралар бөлімінің басшысы Кенжебек Жолдығалиұлы Аймашев.
Кенжебек Жолдығалиұлы 1965 жылы Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданына қарасты Егіндікөл ауылында дүниеге келген. Туған жердің тыныс-тіршілігін, ауыл еңбегінің қадірін жастайынан бойына сіңіріп өскен ол болашақ мамандығын ветеринария саласымен байланыстырады. 1990 жылы Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын «Ветеринариялық дәрігер» мамандығы бойынша тәмамдап, еңбек жолын Ақтөбе облысында аға мал дәрігері қызметінен бастайды.
Содан бері оның бүкіл еңбек жолы ветеринария саласының дамуымен тығыз байланысты. Әр жылдары ауылдық жерлерде мал дәрігері, ветучаске меңгерушісі, мемлекеттік ветеринариялық инспектор, бөлім басшысы, аудандық ветеринария саласының жетекшісі секілді жауапты қызметтерді атқара жүріп, мол тәжірибе жинақтады. Қай қызметте болса да істің нәтижесіне мән беріп, сала жұмысының жүйелі ұйымдастырылуына күш салды.
Бүгінде Кенжебек Жолдығалиұлы облыстағы эпизоотиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытындағы маңызды жұмыстардың басы-қасында жүр. Жануарлар арасында аса қауіпті аурулардың алдын алу, профилактикалық шараларды сапалы ұйымдастыру, ветеринариялық қауіпсіздікті сақтау бағытындағы жұмыстардың тиімді орындалуына үлес қосып келеді. Әсіресе ауыл шаруашылығы жануарлары арасында бруцеллез ауруының таралуын төмендету, кене арқылы таралатын аурулардың алдын алу бағытындағы жұмыстарға ерекше жауапкершілікпен қарайды.
Ұзақ жылдық тәжірибе оны тек білікті маман ғана емес, ұжымға бағыт-бағдар беретін азамат ретінде де қалыптастырды. Әріптестері арасында байыптылығымен, сабырлы мінезімен, кәсібилігімен құрметке ие. Жас мамандарға ақыл-кеңесін айтып, тәжірибесімен бөлісуден ешқашан жалыққан емес.
Көп жылғы жемісті еңбегімен саланың дамуына қосқан үлесі ескерусіз қалған жоқ. Кенжебек Жолдығалиұлы «ҚазақстанТәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалімен наградталып, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталған. Бұл – оның ветеринария саласындағы ұзақ жылғы адал еңбегі мен кәсіби біліктілігіне берілген жоғары баға.
Мемлекеттік қызметтің басты қағидаттарының бірі – халық сенімін ақтау. Осы жолда Кенжебек Жолдығалиұлы өзісіне адалдықпен қарап, ветеринария саласының дамуына сүбелі үлес қосып келеді. Оның еңбек жолы – жауапкершілік пен табандылықтың, қарапайымдылық пен кәсібиліктің үйлесім тапқан үлгісі.
Қай кезде де ел мүддесін алдыңғы орынға қоятын осындай азаматтардың еңбегі – мемлекеттік қызметтің беделін арттырып, қоғам сенімін нығайтатын маңызды құндылықтардың бірі.