Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінде ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Абсатиров Ғайса Ғарапұлының 70 жас мерейтойына арналған Ғылыми кеңестің салтанатты мәжілісі өтті.
Мерекелік жиында елімізге танымал ғалымның ғылым мен білім саласына қосқан елеулі үлесі, ұзақ жылдық ұстаздық және ғылыми қызметі ерекше атап өтілді.
Аталған ғылыми кеңеске қатысқан Батыс Қазақстан облысы ветеринария басқармасының басшысы Бралиев Абзал Серікұлы құттықтау сөз сөйлеп, облыс әкімі атынан арнайы құттықтауды табыс етті. Сондай-ақ қазақы дәстүрмен мерейтой иесінің иығына шапан жабылып, құрмет көрсетілді.
Ғайса Ғарапұлы — ветеринария ғылымының дамуына зор үлес қосқан білікті ғалым, тәжірибелі ұстаз әрі көптеген шәкірттердің тәлімгері. Оның ғылыми еңбектері мен ұстаздық жолы бүгінгі жас мамандар үшін үлгі болып келеді.

Мерейтой иесіне зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасылық амандық және ғылым мен білім жолындағы еңбегінің жемісін көре беруін тілейміз! Еліміздің ветеринария саласының дамуына қосқан үлесі әрдайым жоғары бағалана берсін!