Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін 2021–2030 жылдарға дамыту аясында өңірде ветеринария саласының материалдық-техникалық базасын нығайту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Тәуелсіздік күні қарсаңында Қаратөбе ауданының Саралжын, Қаракөл, Жусандой және Қоскөл ауылдық округтерінде жаңадан салынған 4 ветеринариялық пункт ғимараты пайдалануға берілді.
Ашылу салтанатына БҚО әкімінің орынбасары Қ. Айтмұхамбетов, облыстық ветеринария басқармасының басшысы А. Бралиев, аудан әкімі Қ. Сүйеуғалиев, аудандық мекеме өкілдері мен ауыл тұрғындары қатысты.
Биыл облыс бойынша ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге 4,8 млрд теңгеден астам қаражат бөлініп, оның 1,3 млрд теңгесі ветеринариялық станциялардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға бағытталды. Нәтижесінде 15 ветеринариялық пункт пайдалануға беріліп, ветеринар мамандарға 106 жаңа қызметтік автокөлік табысталды.
Жаңа нысандар ветеринариялық қызмет сапасын арттырып, эпизоотиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және ауыл тұрғындарына қолжетімді, сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.