Батыс Қазақстан облысында ветеринариялық инфрақұрылымды дамыту және ауыл тұрғындарына ветеринариялық қызметтердің қолжетімділігін арттыру бағытында жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде.
25 қазан – Республика күні қарсаңында өңіріміздің Бәйтерек (Бейбітшілік ауылы), Тасқала (2-Шежін ауылы), Теректі (Приречный, Долинный, Теректі, Подстепное, Ақсоғым ауылдары) және Шыңғырлау (Алмаз ауылы) аудандарында барлығы 8 ветеринариялық пункттің ашылу салтанаты өтті.
Жаңадан ашылған ветеринариялық пункттер заманауи талаптарға сай жабдықталып, ветеринар мамандарға қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Әр пункт жанында ауыл шаруашылығы жануарларына ветеринариялық іс-шаралар жүргізуге арналған бекіткіш құрылғы (фиксатор) орнатылған.
Жалпы, жыл басынан бері облыс бойынша 15 ветеринариялық пункт пайдалануға берілді, жыл соңына дейін тағы 14 нысанды іске қосу жоспарлануда.
Биыл өңірде ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге 4,08 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Оның ішінде 1,3 млрд теңге ветеринариялық станцияларды материалдық-техникалық жабдықтауға бағытталған.
Сонымен қатар 2026–2027 жылдары бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 3 млрд 528 млн теңге бөлу көзделуде. Аталған қаражатқа облыс аумағында 3 ветеринариялық станция, 55 ветеринариялық пункт және 73 мал қорымы салу жоспарлануда.
Бұл жұмыстар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауылды дамыту және агроөнеркәсіптік кешенді нығайту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында жүзеге асырылуда.