Батыс Қазақстан облысының спортшылары республикалық және халықаралық додаларда өздерінің мықтылығын дәлелдеп келеді. Батыс Қазақстан облысы қоғамдық даму басқармасының басшысы Дархан Қадралиев ММА және Жекпе-жек спорт түрлері бойынша GAMMA жүйесінде өткен Қазақстан чемпионатында жеңіске жеткен спортшыларға алғыс хаттар табыстады.
Айта кетейік, чемпионатта ерекше көзге түскен спортшылардың қатарында Мейрамбек Аубакиров пен Чингисхан Шаяхметов бар.
Мейрамбек Аубакиров 74,9 кг салмақ дәрежесінде Қазақстан чемпионы атанып, шебер техникасы мен жеңіске деген жігерін көрсете білді.
Ал Чингисхан Шаяхметов GAMMA жүйесі бойынша 52,2 кг салмақта алтын медаль иеленіп, чемпион атанды.
Екі спортшы да маусым айында Бразилияда өтетін Әлем чемпионатына қатысу құқығына ие болды. Бұл жетістік тек спортшылар үшін ғана емес, бүкіл Батыс Қазақстан өңірі үшін үлкен мақтаныш.
Сонымен қатар, Бекжан Назаровтың да өнері зор әсер қалдырды. Ол 53 кг салмақ дәрежесінде төрт жекпе-жек өткізіп, барлығын мерзімінен бұрын аяқтады, нәтижесінде Қазақстан құрамасына қабылданды.
Бұған дейін, ақпан айында, Назаров 57 кг салмақта IMMAF нұсқасы бойынша Қазақстан чемпионы атанып, Ливанда өтетін Азия чемпионатына және Грузияда өтетін Әлем чемпионатына жолдама алған болатын.
Батысқазақстандық спортшылардың бұл жетістіктері өңірдегі спортшылардың жоғары деңгейде дайындалып жатқанын және бапкерлер мен спорт ұйымдарының тынымсыз еңбегін дәлелдейді. Аталған жеңістер Батыс Қазақстанды жекпе-жек спорт түрлері дамыған жетекші өңірлердің қатарына қосатыны сөзсіз.