Ұлы Жеңіс күні — халқымыздың тарихындағы ең маңызды әрі қастерлі мерекелердің бірі. Бұл күн — Отан үшін от кешкен ерлер мен тылда тынымсыз еңбек еткен азаматтардың ерлігіне бас иіп, оларға тағзым ететін күн.
Осы орайда, 6 мамыр күні Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мен “Отбасын қолдау орталығы” КММ ұжымы Орал арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына арнайы барып, 3 мамырда 104 жасқа толған Ұлы Отан соғысының ардагері Чагнахаева Анастасия Федоровна мен үш тыл ардагерін 9 мамыр — Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтап келді.
Шара барысында ардагерлерге алғыс сөздер айтылып, шынайы ықылас пен ізгі тілектер білдірілді. Сонымен қатар, сый-сияпаттар табысталып, ардагерлерге мерекелік көңіл-күй сыйлау мақсатында отты жылдардың жауынгерлік әндері шырқалды.
Ардагерлер өз кезегінде ұжымға ризашылықтарын білдіріп, әрдайым бейбіт өмір, ашық аспан болуын тіледі. Мұндай кездесулер — ұрпақтар сабақтастығын, тарихи жадыны сақтаудың және ардагерлерге құрмет көрсетудің айқын көрінісі.
Ардагерлерге деген құрмет – өткенге тағзым, болашаққа бағдар!