«Ұлттық рухани жаңғыру» жобасы

«Ұлттық рухани жаңғыру» жобасы

Ағымдағы жылдың 5 қараша күні ZOOM интернет платформасы арқылы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі және Қазақстандық қоғамдық даму институтының ұйымдастыруымен «Ұлттық рухани жаңғыру» жобасының бағыттары жəне іске асыру тетіктерін түсіндіру бойынша Ішкі саясат басқарма басшылары және «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңселерінің басшыларына вебинар өткізілді.

Батыс Қазақстан облысынан Ішкі саясат басқармасының басшысы Д.Қ. Кадралиев, «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесінің басшысы А.С. Туркина және «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесі бөлімінің басшысы А.А. Тажибаева қатысты. Аталған вебинарда «Ұлттық рухани жаңғыру» жобасының негізгі бағыттары мен міндеттері түсіндірілді. Биыл 13 қазанда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық жобалар тізбесін бекіту туралы Жарлыққа қол қойған еді. 10 нақты Ұлттық жобаның ішінде «Ұлттық рухани жаңғыру» жобасы – 3 бағыт, 7 міндеттен тұрады. Жобаның негізгі мақсаты – Ұлттық кодты сақтап, мәдени бірегейлікті жаңғырту, ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрді насихаттау арқылы – қоғамның мәдени деңгейін, талғамын және рухын көтеру. Сонымен қатар, жастарға жаңа мүмкіндіктер ашып, олардың түрлі бастамаларын жан-жақты қолдауды көздейді.

Жобаның I бағыты «Рухани жаңғыру» құндылықтарын ілгерілету және мемлекеттік тілді дамыту. Мұнда мемлекеттік тілді дамыту міндеті бөлек белгіленген. Жалпы, бұл бағыттың түпкі мақсаты - ұлттың шығармашылық және интеллектуалдық әлеуетін қолдау мен дамыту.

II бағыты «Ел рухы» бұл бағыт бойынша, мәдениет саласындағы қызметтердің қолжетімділігін арттыру бойынша шаралар, сонымен қатар отандық мәдени өнімдерді елге және шет мемлекеттерге танытуға бағытталмақ.

III бағыты «Тәуелсіздік ұрпақтары» деп аталды және бұл еліміздің жастарына арналады. Тәуелсіздік жастарын мемлекеттік тұрғыдан қолдап, жағдай жасау – осы жобаның негізгі мақсаттарының бірі. Ол жастардың рухани кемелденіп, кәсіби жетілуін көздейтін үш ауқымды міндетті қамтиды.

Бұл Ұлттық жоба аясында атқарылатын көп жұмыстардың негізгі бағыттары ғана. «Ұлттық рухани жаңғыру»  жобасын  іске асыру үшін облыстық басқармалардың, аудандық ішкі саясат бөлімдерінің күші жұмылдырылып, нақты нәтижелерге қол жеткізетін боламыз.