Болашақ журналистер Aqjaiyq телеарнасына саяхат жасады

Болашақ журналистер Aqjaiyq телеарнасына саяхат жасады

1 маусым – Балаларды қорғау күніне орай жас тілшілер Aqjaiyq телеарнасына экскурсия жасады

Балаларды қорғау күні – тек мерекелік шаралармен ғана емес, сондай-ақ балалардың шығармашылығын, ой-өрісін дамытуға бағытталған мазмұнды кездесулермен де маңызды. Осыған орай 1 маусым күні Орал қаласындағы Оқушылар сарайының жанындағы «Журналистика» үйірмесіне қатысып жүрген 10-15 жас аралығындағы оқушылар үшін Aqjaiyq телеарнасына танымдық экскурсия ұйымдастырылды.

Экскурсияның басты мақсаты – балаларды бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысымен таныстыру, шығармашылық қызығушылықтарын арттыру және тележурналистика саласына деген көзқарасын қалыптастыру болды.

Балаларды телеарнаның бас редакторы мен шығармашылық топ қарсы алып, студия тынысымен таныстырды. Жас тілшілер жаңалықтар қалай жазылады, телесюжеттер қалай түсіріледі, бейнематериалдар қайда өңделеді – барлығын өз көздерімен көріп, кәсіби мамандардың күнделікті еңбегіне куә болды.

Телеарна қызметкерлері эфир алдындағы дайындық, диктордың жұмысы, оператор мен режиссёрдің міндеті, сондай-ақ журналистік этика туралы кеңінен әңгімелеп берді. Экскурсия барысында балалар студиядағы нақты түсірілім процесін бақылап, теледидарда көріп жүрген танымал жүргізушілермен жүздесуге мүмкіндік алды.

Шара аясында балалар студия ішінде жаңалық жүргізіп көру, суфлёрмен жұмыс істеу және микрофонмен сұхбат алу секілді практикалық тапсырмаларды да орындап көрді. Осындай тәжірибе болашақ мамандығын таңдауға алғашқы қадамдардың бірі болуы мүмкін.

— Тележурналист болу оңай емес екен. Бірақ өте қызықты. Бүгінгі экскурсиядан көп нәрсе үйрендім. Болашақта мен де жаңалық жүргізгім келеді, — дейді 13 жастағы қатысушы Ернар Әли.

— Үйірмеде алған білімімізді нақты жұмыс барысынан көріп, білікті мамандармен тілдескеніміз біз үшін үлкен шабыт болды, — дейді тағы бір оқушы Айару Марат.

Экскурсия соңында қатысушыларға Aqjaiyq телеарнасының арнайы естелік сыйлықтары табысталып, бірлескен фото жасалды. Мұндай шаралар жас ұрпақтың медиа саласына қызығушылығын арттырып қана қоймай, ақпаратты сауатты қабылдап, талдай білуге баулиды.

Aqjaiyq телеарнасының ұжымы мен Оқушылар сарайының үйлестірушілері бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатынын атап өтті.