Батыс Қазақстан облысында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Полиция департаментінің бастамасымен кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру акциясы өтті.
Шара барысында полиция қызметкерлері мектеп оқушылары мен ата-аналарға арнап арнайы дайындалған таратпа материалдар мен ақпараттық брашюралар үлестірді. Материалдарда жол қозғалысы ережелері, буллинг пен кибербуллингтің алдын алу, балалардың үйден кетуінің салдары, сондай-ақ төтенше жағдайлар кезіндегі іс-әрекеттер туралы пайдалы мәліметтер қамтылды.
Сонымен қатар ата-аналарға арналған үндеулер де таратылып, олардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігіне ерекше назар аударылды. Полицейлер ата-аналарды балаларының күнделікті өміріне сергек қарап, қауіпсіздігін қамтамасыз етуге белсенді атсалысуға шақырды.
"Бұл акцияның негізгі мақсаты – балалардың құқықтарын қорғау және олардың қауіпсіз ортада өмір сүруіне жағдай жасау. Қоғамдық қауіпсіздік – бәрімізге ортақ міндет," – деп атап өтті БҚО полиция департаментінің өкілдері.
Аталған іс-шара балалардың қауіпсіздігін арттыруға, ата-аналар мен қоғамда құқықтық мәдениетті нығайтуға бағытталған.