«ҰЛТТЫҚ ОНОМАСТИКА – ЕЛ АЙНАСЫ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БАЙҚАУЫНЫҢ ОБЛЫСТЫҚ КЕЗЕҢІ ӨТТІ

«ҰЛТТЫҚ ОНОМАСТИКА – ЕЛ АЙНАСЫ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БАЙҚАУЫНЫҢ ОБЛЫСТЫҚ КЕЗЕҢІ ӨТТІ

Ағымдағы жылдың 8 шілде күні Батыс Қазақстан облыстық тілдерді дамыту басқармасының тапсырысымен «Интеграл» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен онлайн форматта  «Ұлттық ономастика – Ел айнасы» республикалық байқауының облыстық кезеңі өткізілді.

Байқау жергілікті атқарушы органдардағы ономастика саласымен айналысатын бөлімдердің жұмысын жандандыру, олардың өзара тәжірибе алмасуына мүмкіндік жасау, сала мамандарының атау беру және қайта атау жұмыстарын жетілдіру бойынша біліктіліктерін арттыру, жергілікті тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарының сапасын арттыру және күшейту, ономастика саласындағы қызметкерлерді моралдық және материалдық тұрғыдан қолдау мақсатында өткізілді.

Байқауға Орал қаласынан және аудан орталықтарынан келесі командалар қатысты:

Ақжайық ауданы – «Жұбан елі» командасы

Бәйтерек ауданы – «Бәйтерек»командасы

Бөрлі ауданы – «Берекелі Бөрлі» командасы

Казталов ауданы – «Шежірелі мекен» командасы

Қаратөбе ауданы – «Қасиетті мекен – Қаратөбе» командасы

Теректі ауданы – «Теректі» командасы

Шыңғырлау ауданы – «Сарқырама» командасы

Орал қаласы – «Атамекен»  командасы.

Байқау 4-кезеңнен тұрды:

1-кезең. Қатысушы топтың атауын, құрамын таныстыру, байқаудағы команданың мақсат міндеттерін айтып өту және 1 минуттан кем емес уақытта аудандағы атқарылған жұмыстар туралы бейне-ролик көрсету (3 минут);

2-кезең. «Атаулар – сыр шертеді» топ капитандарының сайысы. Бұл кезеңде әр топ экранда көрсетілген ұяшықты таңдап, 2020-2021 жылдар аралығында облыс бойынша өзгертілген және жаңадан атау берілген көшелерді тауып, жаңа көшелерге не үшін бұл атаулардың берілгендігін айту;

3-кезең. «Жер-судың аты – тарихтың хаты» командалар сайысы. Бұл кезеңде әр топ таңдалған ұяшық бойынша экраннан өңіріміздегі танымал жерлердің (мәселен, Шыңғырлаудағы сарқырама, Бөкей Ордасындағы Хан сарайы және т.б.) суреті көрсетіледі. Қатысушылар  суретте бейнеленген жердің атауын, өңіріміздің қай жерінде орналасқанын айтып, қысқаша тарихи сипаттамасын береді.

4-кезең. Топтық сайыс - «Ономастика». Ономастика саласын реттейтін нормативтік құқықтық актілер туралы, атау беру, қайта атау бағытында жүргізілетін жұмыс жағдаяттарына (ситуация) және «Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына» байланысты қойылатын сұрақтарға жауап беру.

Сайыстың төрт кезеңінен сүрінбей өтіп, командалық ұпай бойынша бірінші орын алған «Байтерек» тобына (Бәйтерек ауданы) 90 000 теңге ақшалай сыйлық табысталды. Жүлделі екінші орынға ие болған Орал қаласының «Атамекен» тобына 70 000 теңге ақшалай сыйлық табысталса, үшінші орынға ие болған  «Шежірелі мекен» тобы (Қазталов ауданы) 50 000 теңгені құрайтын ақшалай сыйлықпен марапатталды. Сондай-ақ қазылар алқасының шешімімен арнайы «Тіл қорғаны» аталмына Теректі ауданының «Теректі» тобы лайық деп танылып, 10 000 теңгелік ақшалай сертификат табысталды.

Аталыш байқаудың салтанатты марапаттау шарасы 2021 жылдың 15 шілде күні ұйымдастырылды. Жеңімпаздар арнайы дипломдармен, ақшалай сертификаттармен және гүл шоқтарымен марапатталды.