Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдемесі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдемесі

Құрметті отандастар!

Қазір бүкіл әлем бұрын-соңды болмаған күрделі жағдаймен бетпе-бет келіп отыр.

Коронавирус індеті дүние жүзін жайлап барады.

Бүгінде 177 мемлекетте 800 мыңға жуық адам осы дертке шалдықты.

Оны жұқтырғандар саны күннен-күнге артуда.

Біз төтенше жағдай жариялап, Қазақстанда вирустың жаппай таралуына жол бермедік.

Соның арқасында ахуалды бақылауда ұстап отырмыз.

Халқы Қазақстанмен шамалас кейбір елдерде коронавирусқа шалдыққандар ондаған есе көп.

Мен елорда мен Алматыда ғана емес, еліміздің барлық өңірінде карантинді күшейтуді тапсырдым.

Барша қазақстандықтарға сабыр сақтап, түсіністік танытқаны үшін алғысымды айтамын.

Біз дүрбелең тудыруға жол бермейміз.

Дәл осы кезде халық мемлекетке қолдау көрсетуі керек.

Бұл – аса маңызды.

Коронавирус – батпандап кіріп, мысқалдап шығатын қауіпті дерт.

Дегенмен, біз індетке шалдыққан адамдарға барлық қажетті көмекті көрсетеміз.

Бүгінде бүкіл еліміз дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің қайсарлығына тәнті болуда.

Олар – адам өміріне араша түсіп жатқан бүгінгі күннің батырлары.

Сондықтан, пандемияға қарсы күрестің алдыңғы легінде жүргендерге қосымша қолдау көрсету жөнінде шешім қабылдадым.

Дәрігерлерге және медицина қызметкерлеріне 3 ай бойы қосымша үстеме ақы төленеді.

Медицина қызметкерлерінің өмірін сақтандыру мәселесі де шешімін тапты.

Әрине, ақ халатты абзал жандар бұдан да зор қолдауға лайық.

Төтенше жағдай режимінің қашанда экономикалық және әлеуметтік салдары болады.

Біз үшін азаматтардың денсаулығымен қатар олардың өз табысынан айырылмауы да маңызды.

Мен бұған дейін Дағдарысқа қарсы алғашқы шаралар топтамасын жарияладым.

Жағдайдың ушыға түскенін ескеріп, азаматтарға және бизнеске одан әрі қолдау көрсету жөнінде мынадай қосымша шешімдер қабылдадым.

Инфляцияның артуына байланысты зейнетақы, мемлекеттік жәрдемақы және атаулы әлеуметтік көмек мөлшерін 10 пайызға индексациялауды тапсырдым.

Осыған орай, аталған санаттағы азаматтардың табысын арттыру үшін мемлекет тарапынан 200 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінеді.