САЙЛАУДЫҢ ЕРЕКШЕЛІГІ

САЙЛАУДЫҢ ЕРЕКШЕЛІГІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2023 жылы 19 қаңтарда №104 «Жетінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісін тарату Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы», №105 «Барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату туралы» Жарлықтарға қол қойды және Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы 2023 жылы 20 қаңтарда №18/669 «Қазақстан Республикасы мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы» қаулы шығарды. Осыған байланысты 2023 жылғы 19 наурыз күні саяси науқан өтеді. Бұл мемлекеттің дамуына серпін береді деген сенімдеміз. Алдағы уақытта еліміздегі кезекті саяси науқанға қатысып, еліміздің Парламент Мәжілісі және мәслихат депутаттарын сайлайтын боламыз.

Күні кеше елімізде орын алған саяси оқиғалардан кейін халқымыз үшін маңызды өзгерістер қажет. Сол себептен де Ата Заңымызға өзгеріс енгізіліп, бүкілхалықтық референдум өткізілді. Ендігі кезекте референдум арқылы Конституцияға енгізілген өзгерісті, еліміздің болашағын айқындайтын саяси реформаларды жүзеге асыруға міндеттіміз.

Жарлықты негізге ала отырып, Республика Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттарының депутаттарын сайлау, сондай-ақ аралас сайлау жүйесіне көшу жөніндегі нормалар 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді. Аралас сайлау жүйесі аясында барлық деңгейдегі өкілді органдарға бірмандаттық округтер бойынша сайлау елдегі саяси мәдениетті арттырудың маңызды факторына және жергілікті жерлерде азаматтардың мүдделерін тікелей білдірудің пәрменді құралына айналады. Осылайша, Парламент Мәжілісі мен мәслихаттарының депутаттарын кезектен тыс сайлау жөніндегі сайлау науқаны жаңа сайлау ережелері мен нормалары бойынша өтетін болады». Қазақстан Республикасының сайлау заңнамасына енгізілген жаңа нормаларға сәйкес Парламент Мәжілісінің депутаттары аралас сайлау жүйесі бойынша сайланады: 69 депутат – біртұтас жалпыұлттық сайлау округінің аумағы бойынша пропорционалды өкілдік ету жүйесі бойынша, 29 депутат – бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша сайланады. Облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және астана мәслихаттарына барлық депутаттардың 50% мажоритарлық жүйе бойынша, 50% - партиялық тізімдер бойынша сайланады. Аудандар мен қалалардың мәслихаттары толықтай мажоритарлық жүйе бойынша сайланатын болады. Теректі аудандық мәслихат депутаттығына бірмандаттық 12 сайлау округі бойынша 12 депутат және Батыс Қазақстан облыстық мәслихат депутаттығына бірмандаттық №5 сайлау округі бойынша ауданымыздан 1 депутат сайланатын болады.

 2023 жылғы 8 ақпан күні жергілікті уақытпен 18.00-де кандидаттардың ұсынылуы аяқталды. Қазіргі уақытта округтік сайлау комиссияларымен кандидаттарды тіркеу жұмыстары ағымдағы жылдың 18 ақпан күні жергілікті уақытпен 18.00-ге дейін жалғасады.

Теректі аудандық аумақтық сайлау комиссиясы дайындық жұмысын бастап кетті. Қазіргі күнде сайлаушылардың тізімін нақылау жұмыстары жүргізілуде. Сайлаушылар тізімін нақтылау жұмыстары сайлау күніне дейін жалғасатын болады.

Булат Кенжегулов,

Теректі аудандық аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі