ЖАЙЫҚ АУЫЛЫНА ТАЗА АУЫЗ СУ КЕЛДІ

ЖАЙЫҚ АУЫЛЫНА ТАЗА АУЫЗ СУ КЕЛДІ

Жыл теректіліктер үшін жақсылықпен басталды. Федоров ауылдық округіне қарасты Жайық ауылының тұрғындары осыған дейін тасымалданған суды тұтынатын.

Енді жағдай өзгерді. Республикалық бюджеттен 212 млн 822 мың теңге бөлініп, 158 аулаға таза ауыз су жеткізілді.

"Өңірлерді дамыту" бағдарламасының игілігін көрген халықтың қуанышында шек жоқ. Жайық ауылы тұрғындарының қуанышынТеректі ауданы әкімі Әділ Жоламанов бөлісті.
-Ауданымыз үшін бүгін елеулі күн. Аудан орталығына тиіп тұрған ауылдың халқы таза суға мұқтаж-тұғын. Мемлекеттік бағдарламаның арқасында жерлестеріміз бүгін шаттыққа кенеліп отыр. Аудан көлемінде әлі атқарылар жұмыстар жетерлік. Жылымыз жақсылыққа толы болсын,-деді Әділ Тауфиқұлы.

Аудан басшысы жұмыстарды сапалы жүргізген "Жолаушы-жол" ЖШС-не алғысын білдірді. Жергілікті тұрғындар атынан Орынғали Байқатов ақсақал сөз сөйлеп, аудан басшысымен бірге лента қию рәсімін өткізді.

Ауыл тұрғыны Жания Шакирова таза ауыз судың игілігін алғаш боп көрген тұрғындардың қатарында.

-Әрине, Жайық ауылы үшін бұл көптен күткен жақсылық. Суға зәру болып, қиындық көрген күндер енді артта қалды. Шойын жолдан тасымалмен әкелінетін суды қолданып, оның сапасына да көңіліміз толмайтын. Тышқан жылы отбасымыз үшін осындай жайттармен басталып жатыр. Ауылымызға су жүргізу үшін жұмыстанған барша азаматтарға алғысымды айтқым келеді, -дейді қуаныштан бал-бұл жанған тұрғын.