ҚЫСҚЫ ДАЙЫНДЫҚ ПЫСЫҚТАЛДЫ

ҚЫСҚЫ ДАЙЫНДЫҚ ПЫСЫҚТАЛДЫ

Аудан әкімдігінде төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі аудандық комиссия отырысы өтті.

Аудан әкімі, аталмыш комиссияның төрағасы Тілек Габдушев жүргізген жиынға комиссия мүшелері және бейнебайланыс арқылы ауылдық округ әкімдері қатысып отырды.

Күн тәртібінде қыс мезгіліне қатысты екі мәселе – жылыту кезеңіндегі жағдай және қалыпты жол қатынасын қамтамасыз ету қаралды.

2021-2022 жылыту маусымының өту барысы туралы аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғаныс майоры Жарас Көпжасаров баяндады.

Теректі ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қуат Ерсаинов аудан аумағындағы жол қатынасы қалыпты жұмыс жасауы үшін қабылданған шаралар туралы айтты.

Аудандағы әлеуметтік нысандарды жылытатын қазандықтар қыстың бір айын, жылыту кезеңінің екі жарым айын төтенше оқиғасыз өткізіп тастапты. Қазандықтар негізінен көгілдір отынмен жасайды. Қыстан қиналмай шығу үшін қазандықтардың жұмысы үнемі бақылауда.

Аудан арқылы өтетін республикалық маңыздағы тас жол қозғалысы қалыпты жұмыс жасауын жол қызметі қамтамасыз етеді. Ал, боранды күндері ауылдардан орталыққа жететін ауданішілік жолдардың қарға басылып қалмауы үшін техника ұйымдастырылған.

Қыстан қысылмай шығуды қамтамасыз ететін осы екі мәселені пысықтаған комиссия төрағасы Тілек Габдушев округ әкімдеріне қырағы болуды тапсырды.