Мамандандырылған ХҚО-дан жүргізуші куәлігін қалай алуға болады

Мамандандырылған ХҚО-дан жүргізуші куәлігін қалай алуға болады

Жүргізуші куәлігін алғаш рәсімдеушілер емтихан сынағынан үш рет өте алады. Орал қаласындағы мамандандырылған ХҚО арқылы теориялық және практикалық емтихан тапсырушы үміткерлер емтиханнан сәтсіз өткен жағдайда, тағы екі мүмкіндігін сынай алады. Алайда автомектеп бітіргені туралы куәлігі барлар үшін мұндай мүмкіндік саны шектеусіз.

 «Бізге тек оралдықтар ғана емес, автоқызметтерді рәсімдеу үшін жақын жердегі аудандар мен қалалардың тұрғындары да келеді. Автокөлікті сатып алушымен қатар сатушы да келетінін ескерсек, бөлімге келушілер саны екі есеге артады. Күніне шамамен 400-500 қызмет көрсетеміз, одан бөлек бір мыңға жуық адам келіп кеңес алады», – дейді «Азаматтарға арналған үкіметтің» БҚО бойынша филиалының директоры Надир Құрымбаев.

Айта кетейік, теориялық және практикалық емтихан тапсыру жүйесі толықтай автоматтандырылған. Жол жүру ережелері бойынша емтиханда үміткерге 40 сұрақ беріледі, өту үшін 32 балл жиналса жеткілікті. Практикалық емтихан жол қозғалысын тіркеп отыратын арнайы жабдығы бар автокөлікте тапсырылады.

Жүргізуші куәлігін алу үшін:

- Жеке куәлік;

- 073-у үлгісіндегі медициналық анықтама және оның көшірмесі;

- Мемлекеттік баж салығын төлеу туралы түбіртек;

- Автомектеп курсынан өткендігі туралы куәлік (өз бетінше дайындалған жағдайда сұратылмайды) қажет.

Жыл басынан бері Оралдағы мамандандырылған ХҚО қызметіне 50000-ға жуық БҚО тұрғыны жүгінген. Алғаш рет жүргізуші куәлігін алуға 10000 адам өтініш тапсырып, оның 1400-і емтиханнан сүрінбей өтіп, өз құжатын алған.

 

«Азаматтарға арналған үкімет»

мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ

Батыс Қазақстан облысы бойынша

филиалының баспасөз қызметі