БҮЛДІРШІНДЕРГЕ ОЙЫН АЛАҢДАРЫ КЕРЕК

БҮЛДІРШІНДЕРГЕ ОЙЫН АЛАҢДАРЫ КЕРЕК

Ақжайық ауылдық округінің әкімі Болат Қадыралиев халық алдындағы есеп беруін жалғастырды.

Бүгін ол «Санаторий «Ақжайық», Ыждағат, Талпын ауылдарында болып, өткен жылы атқарылған іс-шаралар мен олардың нәтижесі жайында баяндады.

Округ аумағындағы елді мекендерді абаттандыру, жарықтандыру, ауылішілік жолдардың күтімі сияқты көпке ортақ шаруалардың атқарылуы, сол істерге бөлінген қаражат жайын талдап айтқан Болат Александрұлының қызметіне мін таққан адам болмады. Әсіресе, қыста қардан жол тазалауды әкімшілік есіне салып жүретін ауыл халқы биылғы жол күтіміне риза. Және де, «алдағы уақытта да солай болса екен» деген базынасы бар. Дегенмен, әр ауылда жолдан басқа да өзіндік қажеттіліктер бар. Ауыл тұрғындары есептік баяндамадан соң сөз алып, ауыл тұрмысын жақсартуға қажетті шараларды айтып, орынды мәселелер көтерді.

Мысалы, қоңсы отырған қос ауыл - «Ақжайық» санаториясы» мен Ыждағат халқы орталықтандырылған ауыз су тарту қажеттігін айтады. Және де мектептің ғимаратын күрделі жөндеу, бүлдіршіндерге арналған ойын алаңы да керек дейді.

Талпындықтар көтерген мәселе – ауыл шетіндегі қатты қалдықтар полигонын жинастыру. Ашық-шашық жатырған қалдықтар, ыбырсыған пластик табиғатқа зиян тигізеді. Бұдан басқа әлеуметтік екі мәселе - спорт алаңын салу және медпунктке газ өткізу керек деген ұсыныс-сұраулары бар.

Округ әкімі Болат Қадыралиев айтылған мәселелерді қаперге алып, алдағы жылдар жоспарына енгізу үшін жұмыстанатынын айтты.