ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ КҮМБІРІ – ӘЛЕМ ТӨРІНДЕ

- Жуырда қазақ халқының қасиетті қазынасы – қара домбыраның қоңыр үні тағы бір мәрте халықаралық сахнада күмбірледі. Теректі ауданы, Подстепный ауылының «Ақсұңқар» өнер орталығының домбырашылар ансамблі Ташкент қаласында өткен халықаралық байқауда дара шеберлік танытып, бас жүлдені қанжығаларына байлады.
- Аталмыш байқауда Қазақстаннан бөлек, Ресей, Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Әзірбайжан сияқты көрші мемлекеттердің өнерпаздары бақ сынап, жерлестеріміз бәсекелестерінен оқ бойы оза шауып мәре төрінен бой көрсетті. 25 қатысушы өнерпаздар төбе көрсеткен байқауда ансамбль «Ер Тұран» шығармасын орындады.
- Бұл – тек бір өнер ұжымының жетістігі ғана емес, бұл – ұлт рухының жеңісі, ата-бабадан мирас болған асыл өнердің әлем алдында мойындалуы. Домбыра – қазақтың жаны, тарихы мен тағдырының айнасы. Оның әрбір қоңыр үні – өткеннің шежіресі, бүгіннің үні, болашақтың үміті. Осындай киелі мұраны дәріптеп, көрші мемлекет сахнасында қазақ өнерінің мәртебесін көтеру – үлкен абырой.